Альпі тауларында қар көшкінінен 4 турист қаза тапты

ФРАНЦИЯ. ҚазАқпарат - Францияда Альпі тауларында қар көшкінінен кем дегенде төрт адам қаза тауып, бірнеше адам жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews агенттігіне сілтеме жасап.

Бұл туралы Франция ІІМ басшысы Жеральд Дарманен Twitter-де хабарлады.

Біраз уақыттан кейін Жоғарғы Савойя департаменті бұл оқиғаның Ле Контамин Монжуа коммунасында болғанын нақтылады.

Олардың айтуынша, қар көшкінінің құрбандары - тау шаңғышылары емес, жаяу туристер. Тек олардың өздері ғана жүрген бе, әлде бір топтан бөлініп қалған адамдар ма - әлі белгісіз.

Жергілікті префектура сонымен қатар ауа райы қызметі бұл күні қар көшкіні қаупі туралы хабарламағанын, бірақ ыстық ауа райы мен қатты жел қардың еруіне себеп болуы мүмкін екенін айтты.