Альпинизмнен «14 сегізмыңдық» бағдарламасын орындаған әлемдегі 16 спортшының бірі - жерлесіміз Денис Урубко

АСТАНА. Маусымның 10-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қорғаныс министрі Даниал Ахметов Орталық спорт клубының альпинисі, прапорщик Денис Урубкоға бүгін лейтенант погонын табыстады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Биыл көктемде Д. Урубко 8201 метрлік Чо-Ойо шыңына көтеріліп, ТМД елдері арасында «14 сегізмыңдық» бағдарламасын орындаған алғашқы альпинист атанды.Д.Ахметов салтанатты рәсім барысында спортшының аталмыш жетістіктерін жоғары бағалап, алдағы мақсаттарының орындалуына тілектестік білдірді. Сондай-ақ ведомство басшысы келесі жылы Джомолунгмаға болатын сапарды министрлік толығымен қаржыландыратынын айтты. Денис Урубко келісімшарт қызметіндегі қатардағы жауынгер Светлана Шәріпова, Борис Дедешко және Евгений Шутовпен бірге 2008 жылы мамырдың 12-сінде отыз жыл бойына жан аяқ баспаған Макалу шыңына шығып, 8476 метрлік биіктікті бағындырды. Ал биыл көктемде Денис Урубко 8201 метрлік Чо-Ойо шыңына көтерілді. Сөйтіп ол «14 сегізмыңдық» бағдарламасын орындаған әлемдегі 16 спортшының (бұрынғы кеңес аумағындағы бірінші) бірі атанды. Ал ТМД кеңістігінде осынау жетістікке қол жеткізген алғашқы альпинист ретінде тарихта аты қалды. Бұның алдында Денис Урубко Сергей Самойловпен бірге биіктігі 8600 метрлік аса қауіпті Чогори шыңына көтерілген-ді, оның солтүстік-шығыс бетіне көтерілуге 11 жылдан бері ешкімнің жүрегі дауаламаған болатын.