Екі боксшының арасындағы келісімшартқа сәйкес, Альварес ұтылса, реванш талап ете алады. Ал Геннадий Головкинге ондай мүмкіндік берілмейді. Бұл дегеніміз, қазақстандық боксшы жеңіліп қалса, реваншты талап ете алмайды
"Негізі, "Канелоның" сөзіне қарағанда Головкинге қарсы екінші жекпе-жек болмайды. 16 қыркүйекте ол Головкинді жеңіп, артқа қарамай, кете беруді көздейді. Альварес өзінің спорттық мансабын өсіріп, орта салмақта WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы Билли Джо Сондерспен кездесуі әбден мүмкін, я болмаса, Golden Boy-дың тағы бір боксшысы Давид Лемьеге қарсы шығады. Аталған жекпе-жектер де НВО PPV-де жақсы сатылады", - дейді Boxingnewsresults.com журналисі Мануэль Перес.
Ал GGG-дің бапкері Абель Санчестің айтуынша, алдағы жекпе-жек 11-12 раундқа дейін жалғасса, реванш ұйымдастыруға әбден болады. "Алдымен жекпе-жектің қалай өтетінін көрейік. Біз 168 фунтқа ауысқанша реванш өткізуге болады. Сондықтан жекпе-жек 11-12 раундқа дейін созылса, рематч ұйымдастыруға әбден болады", - дейді Санчес.
Айта кетейік, 16 қыркүйекте Геннадий Головкин мексикалық боксшы Сауль Альвареспен жұдырықтасады. Осы жекпе-жекте Альварес GGG-дің тек екі атағы - WBA мен IBF белбеулері үшін ғана таласады. Головкин ұтылып қалса, оның тағы екі белбеуі - WBC мен IBO бос қалып, оны басқа боксшылар өзара сарапқа салады. Ал қазақстандық боксшы жеңіске жетсе, төрт белбеуіне тағы The Ring журналының арнайы белбеуін қосып алады. Аталған басылым оны арнайы Альварес үшін шығарған болатын. Уақыт айырмашылығына байланысты Қазақстанда жекпе-жектің тікелей көрсетілімі 17 қыркүйекте таңертең болады.