Альянс банк пен Темір банктің қосылуы күрделі мәселе - Қазақстан Халық банкінің басқарма төрайымы
18:05, 03 Сәуір 2012
АЛМАТЫ. 3 сәуір. ҚазАқпарат - Альянс банк пен Темір банк қосылатын болса олар өз клиенттері мен салымшыларын жоғалтуы мүмкін.
Бұл пікірін бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Халық банкінің басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова айтты.
«Альянс банк пен Темір банктегі қайта құрылымдау үдерісі кезінде сату үшін инвесторлар іздестіріліп жатқаны айтылған еді. Қазір ондағы ахуал біршама түзелген соң, екі банктің қосылуы туралы әңгіме шығып отыр. Оның негізгі себебін білмеймін. Екі сау банкті біріктіру меніңше, жеткілікті деңгейде күрделі», - дейді Үміт Болатханқызы.
Оның айтуынша, қосылу үдерісі әдетте 3 жылға дейін созылады. Бұл кезеңде олардың қаржылық жағдайы біршама қиындап кетуі мүмкін. Ондағы екі түрлі ақпараттық жүйенің қосылуы да айтарлықтай күрделі мәселе.