"Альянс банкі" студенттерге жеңілдікпен несие берді

АЛМАТЫ. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - "Альянс банкі" мемлекеттік бағдарлама аясында студенттерге жеңілдікпен несие берді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат Альянс банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Студенттерге арналған тұңғыш несие Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті (ҚазЭУ) инженерлік-экономикалық факультетінің «Ақпараттық жүйелер» мамандығының 1-ші курс студенті Алдияр Айдашқа берілді. Алдияр 1991 жылы Алматыда өмірге келген, қазіргі уақытта екінші және үшінші топтағы мүгедек ата-анасымен тұрады. Студенттің ұсынған үлгерімдік құжатындағы бағалар - тек «жақсы» және «өте жақсы». Несиені қайтарудың кепілгері - ҚР Білім және ғылым министрлігінің жанындағы «Қаржылық орталық» АҚ мен ҚазЭУ бірлестігі. «Бұл бағдарламаға көптеген студенттер қызығушылық танытып отырғанын көріп отырмыз, алайда қазіргі шектеулер студенттердің барлығын қамти алмайды», - дейді "Альянс Банкінің" басқарма төрағасы Мақсат Қабашев. «Сол себепті мемлекеттің бұл бастамасының деңгейі мен әлеуетін ескере отырып, біз «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп бағдарламаның шарттарын өзгерту бойынша жұмыс істедік, осылайша білім алуға арналған несиелерді басқа студенттерге де қолжетімді жасаймыз». Наурыздың 24-інен бастап "Альянс Банкі" студенттерді жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасына қатысу үшін өтініштерді қабылдай бастаған еді. Студенттерге ыңғайлы болу үшін қазақстандық 133 жоғары оқу орнында банктің несие менеджерінің жұмыс орны ұйымдастырылды. Үш апта ішінде 4000-ға жуық студентке кеңес беріліп және 300-ден астам өтініш қарастырылуға қабылданды.Бұған дейін хабарланғанындай, студенттерді жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы халықтың әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтарының жоғары білімге қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Бағдарламаның шарттары бойынша білім беру несиелері Қазақстандық ЖОО-ларда техникалық және медициналық мамандықтар бойынша күндізгі бөлімде ақылы оқитын студенттерге арналып отыр.