«Альянстан» алданғандар айқай шығарды» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 22 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 22 ақпан, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан»  басылымының жазуынша, кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов елімізге жұмыс сапарымен келген Қырғызстан Үкіметінің басшысы Өмірбек Бабановпен кездесті. Жеке кездесуден кейін кеңейтілген құрамдағы екіжақты келіссөздер жүргізілді. Тараптар сауда-экономикалық және мәде­ни-гуманитарлық байланыс салаларындағы Қазақстан-Қыр­ғыз­стан қатынастарының қазіргі жағдайын және даму пер­спек­ти­ва­ларын талқылады. 2011 жылдың 11 айын­дағы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда айналымының көлемі 669 миллион АҚШ дол­ларын құрады. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Қарым-қатынас қарқынды дамиды» атты мақалада жазылған.

Осы басылымның жазуынша, кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төраға­лы­ғымен Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында атап көрсе­тіл­ген ірі инвестициялық жобаларды іс жүзіне асыру жөніндегі шаралар қаралды.Жолдауда басымдық берілген индустриялық-иннова­ция­лық жобаларды жүзеге асыру бойынша бірінші кезектегі шаралар туралы Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев баяндама жасады. Бірінші кезекте іске қосылатын 11 жоба тілге тиек етілді. Бұл жобаларға тартыл­ған инвестиция көлемі 4,5 триллион теңгені құрайды. Ел экономикасының дамуына жаңа қарқын әкелетін ірі индустриялық-инновациялық жобаларды іске қосу арқылы 150 мың қазақстандықты тұрақты жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Басымдықты жобалар басты назарда» атты мақаладан оқыңыздар.

                                                                                          ***

«Айқын»
басылымының бүгінгі санында «Альянстан» алданғандар айқай шығарды» атты мақала басылды. Басылымның жазуынша, соңғы он жылдың көлемінде  не­сие алған жам­был­дық азаматтардың дені - «Альянс банк» қыз­метіне жүгініп келді. Тіпті, сол кезде «Альянс банк» дегенді «ал­тын балық» көріп, алған несиенің қанша пайызбен беріліп жатқанының да байы­бына бармай, оңды-солды қажетіне жарата берген жұрт­шылыққа енді экономикалық ес кіріп, «атал­мыш банк үстеме пайызын жоғары есептеп келген», деп дау шығарып жатыр. Яғни, жоғарыдағы банктен несие, алған 76 азамат банкті сотқа тартуда. Сот ісі күнделікті қара­лып жатқан дүние ғой дегенмен, кейбір шешімдердің уақытында дұрыс шыға­рыл­ғанына күмән туғызған сот бұл істердің араға бір жыл салып, дұ­рыс еместігін айтып отырған көрінеді.

Сондай-ақ осы басылымның жазуынша, жаңа шақырылымдағы Мәжіліс мінберінен айтылып, елді елең еткізген бастамалардың бірі - депутат Айткүл Самақованың орта білім беру мекемелері қабырғаларында «Мектеп медицинасы» курсын енгізу жөніндегі ұсынысы болды. Мәжілісмен бұл курста негізінен оқушы қыздардың да, ұлдардың да жыныстық тәлім-тәрбиесіне басымдық берілуі қажеттігін қадап айтты. Самақованың тізіп берген себептеріне қарасақ, мәжілісмен бұл қадамға мәжбүрліктен барып отырған сыңайлы. Әйтпесе жыныстық тәрбие - қазақ дәстүрінде жабық тақырып саналған. Әлі де солай. «Министрлік тарапынан ерекше көңіл бөлуді қажет ететін мәселенің бірі - жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығы болып табылады. Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 15-18 жас аралығындағы қыздар арасында 8 мың түсік тастау дерегі тіркеледі. Сондай-ақ әрбір алтыншы қазақстандық жұп ұрпақ жалғастыру мүмкіндігінен ада. Бұл туралы «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Мәжіліс пен мектептің арасы... не жақындатқанын қарашы» атты мақаладан оқыңыздар.

                                                                                           ***

«Казахстанская правда»
басылымының жазуынша, «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында аталмыш партия хатшысы Владимир Бобровтың қатысуымен «Ең үздік қоғамдық қабылдау бөлімі» атты республикалық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Аталмыш шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналды. Байқауды өткізу жөніндегі бастама 2010 жылы көтерілген және бұл шара қоғамдық қабылдау орындарының өкілдері тарапынан қолдау тапты және қоғамдық қабылдау орындарының қызметі біршама жандана түсті десе болады. Ал конкурстың жеңіспазы кім болғандығын «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Важно каждое обращение» атты мақаладан оқисыздар.