«Әл-Жазира» америкалықтарға «нағыз жаңалықтың» қандай болатынын көрсетуге уәде берді

АСТАНА. 23 тамыз. ҚазАқпарат - «Әл-Жазира» телекомпаниясының жаңа арнасы америкалықтарға «нағыз жаңалықты» көрсетуге уәде етті. Muslim.kz сайтының жазуынша, жаңа арна өз жұмысын өзге америкалық телеарналардың атына сын айтудан бастады.

Онда Американың қатардағы қарапайым азаматтары бүгінгі теледидардың шынайылығына көңілдері толмайтынын жеткізген. Олардың арыз-шағымы мен талап-тілегіне жауап қатқан тележүргізуші «Америка әл-Жазирасы» арнасының «нағыз жаңалықты» эфирден беретіндеріне сендірді.

Өз күш-жігері мен шығармашылық қабілетіне нық сенімді жаңа құрам CNN және Fox News секілді алыптармен бәсекелесуге дайын екендіктерін мәлімдеді. Катарда орналасқан «әл-Жазира» телекомпаниясы 1996 жылы құрылған болатын.

Аталмыш агенттік әлем халқына танылып үлгерсе де, Усама бен Ладенді сөйлетіп, эфирге шығарғаны үшін АҚШ жұрты оған қырын қарайды.