Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, олар түрлі саяси идеалға және құндылықтарға сенеді. Осы орайда біз пікір алуандығын дамыта отырып, ең алдымен, жалпыұлттық мүддеміздің біртұтастығына баса мән беру қажет.
«Бұл тұрғыда ел ішіне іріткі салатын әрекеттерге ғана емес, жұртты арандатып, дау-дамай туғызуы мүмкін кез келген сөзге абай болған жөн. Өкінішке қарай, тым шолақ ойлайтын кейбір әсіребелсенділер, кейде тіпті іс-әрекеті ақылға сыймайтын адамдар көпшілікке өзінің сыңаржақ көзқарастарын күшпен таңып, жұртшылықтың пікірін өз ыңғайына қарай бұрғысы келеді. Қазақта «ала жіпті аттамау» деген ұғым бар. Біздің саясатта да мұны берік ұстану керек. Яғни елдігімізге, бірлігімізге, ынтымағымызға сызат түсіретін дүниеден алшақ болған жөн. Қоғамдағы пікірталас кезінде аттап өтуге болмайтын шек, яғни «Redline» нақты белгіленуге тиіс. Бұл дегеніміз – қандай да бір тақырыпты талқылауға тыйым салу немесе цензура жасау емес. Бұл – саяси пікірталас кезінде ұстамды болып, сабыр сақтауға шақыру», - деді Ерлан Қарин.
Сондай-ақ, ол мемлекет елдің ынтымағын бұзып, шаңырағын шайқалтқысы келетін кез келген әрекетке заң арқылы қатаң тосқауыл қоятынын атап өтті.
– «Шектен шығуға жол жоқ» деген қағида әрдайым басшылыққа алынады. Біз дін бостандығын қолдаймыз, алайда соқыр сенім мен надандыққа қарсымыз. Біз отаншылдықты қолдаймыз, алайда ксенофобия мен әсіреұлтшылдыққа қарсымыз. Біз либерализмді қолдаймыз, алайда жүгенсіздік пен нигилизмге қарсымыз. Барша адамдар, әсіресе қоғамдық-саяси өмірге белсене атсалысып жүрген азаматтар, өзінің саяси көзқарасы мен ұстанымына қарамастан, жалпыұлттық мүддені, мемлекеттілікті сақтау және нығайту мәселесін бәрінен биік қоюға тиіс», - деді ҚР Мемлекеттік кеңесшісі.