Алакөл ауданында жолда қалған 41 адам құтқарылды, оның 28-і шетелдік

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM- Бүгін Үшарал-Достық автожолының Ырғайты учаскесінде қарлы боран мен қалың қардың салдарынан 30 жүк көлігі мен 1 жеңіл көлік қар құрсауында қалып қойған. ТЖМ құтқарушыларының көмегімен 41 адам қауіпсіз жерге жеткізілді.

Фото: Видеодан алынған кадр

ТЖМ таратқан мәліметке сүйенсек, қар құрсауында қалған жолаушыларға құтқарушылар көмекке барған. Олар жол талғамайтын арнайы техникалармен 41 адамды Көктұма ауылына жеткізген.

Құтқарылғандардың арасында Беларусь Республикасының, ҚХР-дың, Әзербайжан Республикасының және РФ-ның 28 азаматы бар.

- ТЖМ қыс мезгілінде қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттілігі туралы ескертеді, дауылды ескертулерге назар аударыңыз және ауа-райы нашарлаған жағдайда үйде болыңыз, - делінген хабарламада.

Еске салайық, осыған дейін Үшарал - Достық автожолында көлік қозғалысы шектелгенін жазғанбыз.