«Егер қателеспесем, мамырда Алакөл пансионаты қонақтарды қабылдауға дайын еместігін айтқан болатынсыз. Қазіргі жағдай қалай қалыптасып отыр?»,-деп сұрады Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев ШҚО әкіміне қаратып айтқан сөзінде.
Әкімнің айтуынша, Алакөл аумағында туристік кластерді дамытуға бүгінде қомақты қаржы бөлінді.
«Алакөлге жақында екі рет бардым. Ол жерде 147 нысан бар. Біз тиісті меморандумға қол қойып, оған сәйкес 550 млн теңге инфрақұрылымды құруға бөлінді. Осы орайда жұмыстар атқарылып, ол жердегі жағдай өзгерді. 147 нысанның ішінде қазіргі кезде 82-сі дайын тұр, ал 38 нысанда қажетті жұмыстар жүріп жатыр. Өкінішке қарай, 24 нысанда ешқандай жұмыстар жүргізілмеуде. Бүгінде дайындығы жоқ нысандардың барлығы кәсіпкерлік қызметті жүргізуге рұқсатты алмайды. Таяу арада аталған жерге тағы да барып, шешілмеген мәселелерді қарастыратын боламыз. Атап өткендей, 550 млн теңге абаттандыру мен көркейту жұмыстарына қарастырылды, сондай-ақ 1,4 млрд теңгеге жолдың құрылысын іске асырудамыз»,-деп түсіндірді Д. Ахметов.
Өз кезегінде Б. Сағынтаев Алакөлдік туристік әлеуеті жоғары екенін айта келе, «Бір маусымда көл 2 млн туристі қабылдай алады, сондықтан барлық мүмкіндікті пайдалана білу керек. Егер де қажет болса, инфрақұрылымдық жағынан қолдау жасаймыз. Сол жердегі кәсіпкерлер қызметтерін жоғары деңгейде көрсетуі қажет. Яғни санитарлық және өзге де нормалар қатаң сақталуы тиіс»,-деп түйіндеді сөзін Үкімет басшысы.