Алакөл қорығында құстардың 330 түрі мекендейді

АСТАНА. KAZINFORM – Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы – сирек кездесетін құстар мен жануарлардың мекені әрі халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптардың бірі, деп хабарлайды Экология және табиғи ресурстар министрлігі.

Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы 1998 жылы Тентек өзені атырауының жануарлар мен өсімдіктер әлемін, сондай-ақ Алакөл көліндегі Аралтөбе аралдарында мекендейтін көне дәуір шағаласының ерекше популяциясын сақтау мақсатында құрылған.

Қорық аумағы 65 672 гектарды құрайды. Оның 17 877 гектары Жетісу облысының Алакөл ауданында, 47 795 гектары Абай облысының Үржар және Мақаншы аудандарында орналасқан.

– Бұл өңір құстардың Орталық Азия – Үнді миграциялық жолында орналасқан. Осыған байланысты Алакөл-Сасықкөл көлдер жүйесі 2009 жылы Рамсар конвенциясының тізіміне енгізіліп, әлемдік маңызы бар сулы-батпақты алқап мәртебесін алды, – делінген хабарламада.

2013 жылы Алакөл қорығы ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттар желісіне қосылды.

Алакөл қорығы Қазақстандағы сулы-батпақты құстардың негізгі ұя салатын, түлейтін және қоныс аудару кезінде аялдайтын ең ірі орындарының бірі саналады.

Қорықта құстардың 330 түрі тіркелген. Оның ішінде 133 түрі қорық аумағында тұрақты ұя салады, ал 16 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Көне дәуір шағаласы Алакөлдің символы саналады.

Сондай-ақ қорық аумағында сүтқоректілердің 35 түрі мекендейді. Олардың қатарында қабан, түлкі, борсық, елік, қоян, ондатр және қасқыр бар.

Алакөл су айдындарында балықтың 18 түрі кездеседі. Оның 9 түрі жергілікті балықтарға жатады. Сонымен бірге Балқаш-Алакөл ойпатының эндемиктері саналатын балқаш алабұғасы мен балқаш қарабалығы мекендейді.

Бауырымен жорғалаушылардың 10 түрі, қосмекенділердің 2 түрі қорық аумағында тіркелген. Олардың ішінде даната құрбақасы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.

– Қазіргі таңда Алакөл қорығы аумағында жәндіктердің 392 түрі белгілі. Өсімдік жамылғысының 290 түрі өседі. Табиғаттың бергені мен берері адамзат үшін теңдесі жоқ байлық. Сондықтан барымызды бағалап, табиғатты қорғау парызымыз екенін ұмытпауымыз керек, – деп атап өтті ведомстводан.

Айта кетейік, бұған дейін Алакөлде шомылу маусымы қашан басталатыны хабарланған болатын.