Алакөл маңындағы әуежай туристік маусымға дейін жөнделіп бітеді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданындағы әуежайда реконструкция жұмыстары туристік маусымға дейін аяқталады. Бұл жайлы аймақ басшысы Даниал Ахметов Үржар ауданына жұмыс сапары барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта әуежайда қайта жаңарту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Ұшу-қону жолағындағы жұмыстар аяқталуға жақын. Туристік маусымның басында әуежай күндізгі уақытта демалушыларды қабылдауға дайын болады. Аудан әкіміне үшінші мамырға дейін әуежайдың бейнебақылау және сыртқы жарықтандыру жүйелерін орнату жобасына қосымша түзетулер енгізуді тапсырдым», - дейді облыс әкімі.

Оның айтуынша, кірме жолдарда жұмыстар әлі жалғасуда. Сондай-ақ әуежайда жаңа терминал құрылысына жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда.

Еске салайық, осыған дейін Алакөл маңындағы әуежай жөндеуден өтіп жатқанын хабарлаған едік.