Алакөл жағалауын бекітуге 20 млрд бөлінді: жоба қашан басталады

Фото: Еламан Тұрысбеков/Kazinform

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысында Алакөл көлінің жағалауын бекіту және серуен аймағын абаттандыру жобасы басталғалы жатыр.

Алакөл ауданының әкімі Алмас Әбдинов агенттік тілшісіне берген жауабында негізгі жұмыстар қашан басталатынын айтты.

— Байқау рәсімдері аяқталып, мердігер ұйым таңдалды. 1 шілдеден бастап олар Көктұма маңына келді. Жұмыстар алдымен Көктұма ауылы жақтан басталады, себебі Ақши ауылында қазір шомылу маусымының қызған шағы. Ақшиде құрылыс жұмыстары 10 тамыздан басталады деп жоспарланған. Бұл жобаның алғашқы кезеңі. Екінші кезеңі — жағалау аумағын абаттандыру, — деді әкім.

Фото: Еламан Тұрысбеков/Kazinform

Оның айтуынша, жобаның алғашқы кезеңін жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 19 миллиард теңге бөлінеді. Қазірдің өзінде 1,5 миллиард теңге қаражат берілген. Жұмыстарды екі жыл ішінде аяқтау көзделіп отыр. Дамбаның жалпы ұзындығы 13 шақырымнан асады. Ақши және Көктұма ауылдарының бойындағы көл жағалауы бекітіледі. Бұл дамбаның негізгі мақсаты — жағаны жойқын толқындар мен көктемгі мұздардың соққысынан қорғау.

Еске салайық, бұған дейін Алакөл жағалауында 2018 жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмегенін жазғанбыз.

Сондай-ақ ауданының әкімі Алмас Әбдинов Алакөлдегі демалыс құны туралы пікір білдірді