Олардың пікірінше, жобалар көлдің табиғи ерекшеліктерін ескермесе, жағалауды бірнеше жылдан кейін қайта жөндеуге бюджеттен тағы да қаржы бөлуге тура келуі мүмкін.
Бұл мәселе бүгін Құрылтайдағы Respublica партиясы фракциясының бастамасымен ұйымдастырылған дөңгелек үстелде талқыланды.
Жиынды ашқан Respublica партиясының төрағасы, Құрылтайдағы фракция жетекшісі Айдарбек Қожаназаров жағалауды нығайтуға бөлінген қаржының нәтижесі тек салынған нысандармен өлшенбеуі керегін айтты.
Оның сөзінше, басты мақсат – Алакөлдің табиғи байлығын сақтап, туристер үшін қауіпсіз әрі қолайлы демалыс орнын қалыптастыру.
– Біздің мақсатымыз – Алакөлдің табиғи байлығын сақтай отырып, оны қауіпсіз, қолжетімді әрі заманауи туристік аймақ ретінде дамыту. Бюджеттен бөлінген миллиардтаған қаражаттың нәтижесі тек салынған нысандармен өлшенбеуі керек. Ең бастысы – жағажайлар сақталып, инфрақұрылым қорғалып, курорттық аймақтың тұрақты дамуына жағдай жасалуы тиіс, – деді ол.
Құрылтай депутаты Екатерина Смолякова Алакөлдің шығыс жағалауындағы жобалық шешімдерге қатысты кәсіпкерлердің алаңдаушылығын жеткізді.
Олардың айтуынша, ұсынылған инженерлік тәсілдер көлге тән қатты желді, толқынның әсерін, мұз жүктемесін және топырақ құрамын толық ескермеуі мүмкін. Бұдан бөлек, табиғи жағажайлардың жойылу қаупі де бар.
Депутаттың пікірінше, жағалауды нығайту жұмыстары мәселені бірнеше жылға ғана шешетін уақытша шара болмауы керек.
– Осы бөлінген қаражат тиімді әрі дұрыс жобаға жұмсалуы керек. Әрине, жағалауды нығайтамыз. Бірақ іске асырылатын жоба тиімді әрі ұзақ мерзімге жарамды болуы тиіс. Келесі жылы біз тағы ақша іздемеуіміз керек, – деді Екатерина Смолякова.
Дөңгелек үстелде жағалауды нығайту технологияларының негізділігі, жобалардың құны, құрылыс сапасына берілетін кепілдік және мердігерлердің жауапкершілігі де сөз болды. Қатысушылар жобаларды іске асыру кезінде көлдің табиғи ерекшеліктері мен жағажайлардың сақталуына баса мән беру қажеттігін атап өтті.
Бұған дейін Қазақстанда ішкі туризм 84,4%-ға өскенін жазған едік.