Алакөл жағасындағы лагерьде мыңнан аса оқушы демалып жатыр

Фото: None
ҮРЖАР. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданының Алакөл жағалауында «Үржарайым» сауықтыру демалыс лагерінде жаз бойы 1440 бала демалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Айта кетейік, Алакөл жағалауындағы лагерь 2011 жылы салынып, 2012 жылы жұмысын бастаған болатын. Сегіз ауысымнан тұратын демалыс лагері бүгінгі күні алтыншы ауысымын бастап кетті. Бір маусымда 180 бала қамтылады.

 Мұнда 1440 баланың мыңы республикалық, облыстық, аудандық олимпиада жеңімпаздары, жетім, көпбалалы, тұрмыс жағдайы төмен отбасылардан шыққандар. Олар бюджет қаражаты есебінен демалса, қалған 440 оқушы ата-анасының қаражатымен демалыстарын көңілді өткізуде.   

Сауықтыру лагерінде бес тәрбиеші, дене шынықтыру жетекшісі, медбике жұмыс істейді.

«Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру қашан да маңызды. Лагерімізде олардың әр күнін қызықты әрі интеллектуалды дамыту және денсаулығын нығайту мақсатында көптеген іс шаралар ұйымдастырамыз. Мәселен, «Су патшасы Сүлеймен», «Нептун күні», «Екі жұлдыз», «Флешмоб», «Жайдарман», «Лагерь аруы», «Лагерь сұлтаны», т.б. шаралар өтті. Сондай-ақ, мұнда «Magic English», «Бабалар аманаты», «Сиқырлы бояулар», «Жас қаламгер», «Шебер қолдар», «Жас қанат» музыкалық студиясы, «Жайдарман» КТК және әр түрлі спорт түрлерінен атап айтсақ, волейбол, баскетбол, тоғыз құмалақтан күніне бір реттен үйірмелер жұмыс жасайды. Бұдан бөлек, ән би сайыстарында өткіземіз. Лагерь маусымдары тілдік бағыттан басқа да салауатты өмір салтына баулу, эстетикалық тәрбие, азаматтық-патриоттық және ұлттық тәрбие, спорттық тәрбие бағыттарында  жұмыс жүргізеді. Жалпы, балалардың жазғы жақсы демалысы ол жыл бойына жинаған қажетті күш-қуат»,- дейді аға тәлімгері Шалқар Шакиров.

Оқушылар «Үржарайымда» бос уақыттарын мағыналы өткізіп қана қоймай, білімдері мен қабілеттерін жетілдіріп қайтады. 

Соңғы жаңалықтар