Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, туристік маусым басталғалы бері тәртіп сақшылары Алакөл жағалауында демалушылардың қауіпсіздігі мен тыныштығын тәулік бойы қамтамасыз етіп келеді.
Соңғы бір айда полицейлер 110 хабарлама мен шақыртуға барып, түрлі жағдайларға тап болған ондаған туристке көмек көрсетті. Сондай-ақ адасып кеткен 95 бала ата-анасына аман-есен қайтарылды.
— Қызмет барысында 1014 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Ең көп тіркелген құқық бұзушылықтар қоғамдық тәртіпті бұзу және жол қозғалысы қағидаларын сақтамауға қатысты болды. Көлікті мас күйде басқару деректері аз емес. Осы кезеңде полиция қызметкерлері ішімдік ішіп көлік басқарған 24 жүргізушіні анықтап, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартты, — делінген ақпаратта.
Еске салсақ, осыған дейін ТЖМ қызметкерлері Алакөлде алты адамды құтқарғаны хабарланған.