Алакөлде демалушылардың саны бір жарым есеге артты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы шомылу маусымында Алакөлге ат арытып келген халықтың саны бір жарым есеге дейін артып, 400 мың адамнан асып жығылған, деп хабарлайды altaynews.kz

Алакөлдің жағалауын абаттандыру жұмыстары бәсеңдемейді. Бұл туралы Үржар ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Даниал Ахметов мәлім етті.


Айта кетейік, соңғы уақытта аймақ басшысы жағалаудың абаттандырылуы, туристерге көрсетілетін қызмет сапасының артуы, көлге дейінгі жолдың жөнге келтірілуі сияқты мәселелерді тікелей өз бақылауына алып отыр. Рас, бір жылға жетер-жетпес уақыт ішінде аймақ басшысы көл жағасына осымен үшінші рет ат басын тіреді. Алғаш сапарларында мұнда орын тепкен 150-ге жуық демалыс базасының иелерімен кездесіп, бірқатарының жұмысын сынға алған аймақ басшысы бұл жолы да біраз жайтқа көңілі толмайтынын жеткізді.

«Билік Алакөлдегі демалыс базаларының иелері алдындағы уәдесін бұлжытпай орындап келеді. Ең басында айтылғандай, жағалауды абаттандыруға 550 миллион, жол жөндеуге 1,5 миллиард теңге бөлдік. Барлықтарыңыз көріп жүргендей, қазір бұл жер үлкен құрылыс алаңына айналды, көл жағасында жұмыс қайнап тұр. Алайда, осының бәрін көре тұра, кейбір кәсіпкерлер әлі де жайбасарлығын қоймай келеді», - деді облыс әкімі Даниал Ахметов кәсіпкерлердің басын қосқан кезекті жиында.

Аймақ басшысы айтқандай, көлдің айналасы күн санап жергілікті тұрғындар мен қонақтардың көз алдында ерекше келбетке еніп келеді. Бұрынғы ескі лашықтар мен вагондардың орнында қазір көл жағалауында кескіні көз тартар тамаша қонақ үйлер жайғасқан. Орталық көшенің бірі күрделі жөндеуден өтіп, арбатқа айналған. Оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында суда да, жағалауда да қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Демалыс базалары қалашығындағы қоғамдық тыныштықты бірнеше полиция пункті тәулік бойы күзетеді. Осыған қарамастан, кәсіпкерлердің бірсыпырасы әлі де өзіне тиесілі телімде анықталған заңбұзушылықтарды жоймаған. Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдиннің айтуынша, бүгінде жағалаудағы 147 демалыс нысанның 113-і барлық талапқа сай. Тағы 10 нысанда анықталған заңбұзушылықтар жойылу үстінде.

Ал қалған 24 жер иесі кемшілікті жоймақ түгілі, саусақтарын да қимылдатпаған. Енді мұндай жауапсыз кәсіпкерлерге ешқандай жеңілдік жасалмайды. Мұны жиын барысында облыс әкімі қадап айтты.