Алакөлде екі адам суға батып кете жаздады
20:37, 15 Шілде 2025
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Алакөл маңында 15 шілде күні Төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағы патрульдеу барысында екі демалушыны құтқарды.
Олар SUP тақтасында серуендеп жүргенде ескектерін жоғалтып, жағадан 600 метрге алыстап кеткен. Өз бетімен жағаға қайта оралу мүмкіндігі болмағандықтан, құтқарушылар көмекке шақырылды.
- Құтқарушылар оқиға орнына дер кезінде жетіп, демалушыларды қауіпсіз түрде жағаға жеткізді. Медициналық көмек қажет болмады, - делінген ведомство дерегінде.
Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға мынадай кеңестер береді:
- Балаларды судың қасында қараусыз қалдырмаңыз;
- Қайықпен, катамарандармен және SUP-бордтармен сырғанағанда құтқару кеудешелерін пайдаланыңыз;
- Ауа райы жағдайы мен желдің күшін қадағалаңыз;
- Судағы қауіпсіздік – сіздің қолыңызда.
Айта кетейік, Алакөл жағалауындағы кемшіліктер анықталып, нақты тапсырмалар берілді.