Туристік маусым кезінде Алакөл жағалауында қызмет атқарып жүрген полиция майоры Жақсылық Сәрсенов жағадан шамамен 500 метр қашықтықта сапбордпен жүрген төрт адамды байқайды. Қатты жел мен көтерілген толқындар олардың жағаға өздігінен оралуына мүмкіндік бермеген.
- Уақыт жоғалтпаған тәртіп сақшысы Көктұма ауылының тұрғынымен бірге көмекке асығады. Алдымен олар Ресей Федерациясының Магадан қаласынан келген турист әйелді құтқарып, жағаға жеткізген.
Кейін оның құтқару кеудешесін пайдаланып, екінші турист әйелге жетіп, оны да қауіпсіз жерге шығарған, - деп жазды ІІМ баспасөз қызметінен.
Құтқарылғандардың айтуынша, суда жүзе алмайтын және құтқару кеудешесін кимеген 30 жастағы әйел қалып қойған. Сонымен қатар көлде Алматы қаласынан келген тағы екі демалушы болған.
«112» қызметіне хабарласқан кезде құтқарушылардың жетуіне белгілі бір уақыт қажет екені белгілі болған.
Осыған байланысты полиция майоры Жақсылық Сәрсенов пен ауыл тұрғыны құтқарушылар келгенге дейін әйелге құтқару кеудешесін жеткізіп, оны су бетінде ұстап тұру арқылы қайғылы жағдайдың алдын алған.
Жедел әрі үйлесімді әрекеттің арқасында бірнеше адамның өмірі сақталып қалды.
Құтқарылған туристер дер кезінде көмек көрсеткен азаматтарға алғыстарын білдірді.
Полиция өңір тұрғындары мен қонақтарына көлде демалу кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтауды, ауа райы болжамын ескеруді және міндетті түрде құтқару кеудешелерін пайдалануды ескертті.
Айта кетейік, бұған дейін Каспий теңізінде екі адам құтқарылды.