Алакөл жаңарып жатыр: жағалау мен жолдар жөнделіп, қауіпсіздік шаралары күшейтілді
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Облыстық бюджеттен бөлінген 1,5 млрд теңгеден астам қаражат есебінен жағалаудағы инфрақұрылым жаңартылып жатыр, деп хабарлайды Абай облысының ішкі саясат басқармасы.
— Алакөл — Абай облысының ғана емес, бүкіл Қазақстанның туристік әлеуеті жоғары аймақтарының бірі. Жаз мезгілінде мыңдаған демалушыНы баурап алатын көркем көл жағалауында биыл көптеген жаңашыл жоба іске асып жатыр. Аймақ әкімдігі мен тиісті органдардың кешенді жұмыстары нәтижесінде туристердің қауіпсіз әрі жайлы демалуына жағдай жасау басты басымдықтардың біріне айналды, — делінген хабарламада.
Ведомство атап өткендей, облыстық бюджеттен бөлінген 1,5 млрд теңгеден астам қаражат есебінен жағалаудағы инфрақұрылым жаңартылып жатыр.
— Арбат аймағында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, демалыс аймақтары мен сауда орындарын қамтитын кеңістік құрылады. Жағалаудың санитарлық жағдайын жақсарту үшін 25 модульдік дәретхана, 35 киіну кабинасы, 50 қоқыс жәшігі, 86 бейнебақылау камерасы орнатылмақ. Көл маңындағы жолдардың сапасы да назардан тыс қалған жоқ. Жалпы құны 1,09 млрд теңгеге жуық сомаға 21 шақырым жол жөнделіп жатыр. Сонымен қатар, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының жобалық құжаттамасы дайындалып жатыр, — делінген басқарма таратқан хабарламада.
Туристерге қолайлы көлік қатынасын қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылғы маусымда Алакөл бағытына авто, әуе және теміржол қатынастары ұйымдастырылады. «Scat» және «Оңтүстік аспан» әуекомпаниялары арқылы аптасына 19 рейске дейін ұшу жоспарланып отыр. Теміржол бағытында «Семей — Жалаңашкөл» пойызы, ал автокөлікпен 9 бағыт бойынша қатынас қамтамасыз етіледі.
— Қауіпсіздік — басты назарда. Жағалауда арнайы оқытылған 10 құтқарушы, 7 мұнара, 7 пирс және буйлармен жабдықталған 5 шақырым жағалау шомылу маусымында қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, туристерге 45 полиция қызметкері және 14 медицина қызметкері көмек көрсетуге дайын. Алакөл маңында «Qazaq Oil» жанармай бекетінің ашылуы — өңір тұрғындары мен қонақтарына көрсетілген тағы бір үлкен қолдау болды. Алакөл — жайлы демалыс, қауіпсіз орта және заманауи инфрақұрылымның үйлесімді үлгісі, — деп түйіндеді басқарманың баспасөз қызметі.
Бұған дейін Алакөлге жазда 240 мың жолаушы теміржол көлігімен тасымалданатыны айтылды.