Жаңа технология адам үстіндегі киімнің сипаттамасы арқылы оның жүрген жерін санаулы минут ішінде анықтауға мүмкіндік береді. Абай облысы полиция департаментінің мәліметінше, Алакөлде жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған 223 бейнебақылау камерасы орнатылған. Олар қоғамдық орындарды тәулік бойы бақылап, құқық бұзушылықтардың алдын алумен қатар, демалушылардың өтініштеріне жедел әрекет етуге көмектеседі.
Бұрын жоғалған бала немесе ересек адамды іздеуге талай полиция қызметкері жұмылдырылып, жағажайлар мен демалыс орындарын аралап шығуға тура келетін. Енді адамның сыртқы белгілерін жүйеге енгізу жеткілікті.
– Мысалы, адамның ақ жейде, қара шалбар кигенін көрсетуге болады. Жасанды интеллект талдау жүргізіп, көрсетілген белгілерге сәйкес келетін адамдарды анықтайды және олардың камераларға қай жерде түскенін көрсетеді. Соның арқасында іздеу уақыты айтарлықтай қысқарып, оқиға орнына жақын маңдағы полиция жасағын жедел жіберуге мүмкіндік туады, – делінген ақпаратта.
Бұл технология әсіресе адамдар көп шоғырланатын демалыс орындарында адасып қалуы мүмкін балаларды іздеу кезінде тиімді. Сондай-ақ жүйе демалушылар ұмытып кеткен ұялы телефондар мен басқа да заттардың орналасқан жерін анықтауға да көмектеседі.
Еске салсақ, осыған дейін Алакөлде шомылу маусымы басталғалы бері 10 бала жоғалғаны хабарланған.