«ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі осы жылы төтенше жағдай аяқталғаннан кейін Алакөл демалыс аймағына барып қайтуға қолайлы болуы үшін Үржар кентіне субсидияланған әлеуметтік маңызы бар рейстер ашуды жоспарлап отыр», - делінген ведомствоның Telegram парақшасында жарияланған ақпаратта.
Атап айтқанда, министрліктің мәліметінше, Нұр-Сұлтан қаласынан Үржарға «Южное небо» әуе компаниясы мамырдан қазан айына дейін аптасына 6 және одан көп рейс орындайды. Оған 174,3 млн теңге бөлінеді. Бір жаққа тариф құны - 16 мың теңге.
Алматыдан Үржарға «Южное небо» әуе компаниясы мамырдан қазан айына дейін 4 және одан көп рейс жүзеге асырады. Оған 109,4 млн теңге бөлінеді. Бір жаққа тариф құны - 14 мың теңге.
Өскеменнен Үржарға «Южное небо» әуе компаниясы жыл бойына аптасына 1 рейстен орындайды. Бөлінетін сома – 207,7 млн теңге. Тариф құны – 10 мың теңге.