Алан Құрманғалиев үстел теннисінен Франциядағы турнирдің чемпионы атанды
12:40, 14 Сәуір 2025
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық Алан Құрманғалиев үстел теннисінен Францияның Мец қаласында өткен халықаралық WTT Youth Star Contender Metz турнирінде топ жарды. Ұлттық олимпиада комитетінен мәлім еткеніндей, қазақстандық спортшы 19 жасқа дейінгі жас санатында алтын жүлдені жеңіп алды.
Алан Құрманғалиев жарыс барысында Коннор Гринді (Англия) — 3:0, Энрике Риосты (Пуэрто-Рико) — 3:0, Ма Ёнминді (Корея) — 3:1 есебімен ұтты. Сондай-ақ Флавио Мурьені (Франция) — 3:2, Ли Сынсуды (Корея) — 3:1, Юлиан Чиритуды (Румыния) — 3:1, Ян Хао-Дженді (Тайбэй) 3:1 есебімен қапы қалдырды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Мемлекет басшысы Кирилл Герасименконы абсолютты чемпион атағымен құттықтағанын жазған болатынбыз.