Жиынға ҚР Мемлекетік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қатысып, Алаш ардақтыларының есімі ел жадында мәңгі сақталатынын айтты.
«Қиын заманда Қиыр Шығыстан, Еділ бойынан, Солтүстік Кавказдан күштеп жер аударылған түрлі ұлт өкілдері елімізге қоныстанды. Қазақ халқы өздері қуғын-сүргінге ұшырап отырғанына қарамастан тауқымет тартқан барша ұлысты бауырына басты, қамқорлық көрсетті. Соның ішінде Сыр өңірінің жұртшылығы сырттан келген ағайынға құшағын айқара ашып, қиын кезеңдерде пана болды. Сол алмағайып заманда қалыптасқан өзара татулық пен туыстық қатынастар бүгінгі күнге дейін барынша нығайып, бекіді. Өткен жүз жылдықтың басында Қазақ автономиялық Республикасының алғашқы астанасы болған Қызылорда жеріне Алаш қайраткерлерінің әдебиет, ғылым саласындағы зиялылардың шоғырланып, рухани құндылықтарымызды сақтап қалу жолында күрескені тарихтан белгілі. Оларды қуғын-сүргінге ұшырату арқылы халқымыздың Тәуелсіздікке деген арман мақсатына тұсау салуды көздеді. Бірақ Алаш арыстарының өмірі қатыгездікпен қиылса да, олардың рухы өшпеді. Өткенге салауат айтып, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын жадымызда сақтау біздің қасиетті борышымыз, - деді ҚР Мемлекеттік хатшысы Г. Әбдіқалықова.
Митингке қатысқандар елдік жолында көз жұмған ата-баба рухтарына құран бағыштап, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.