Алаш автономиясы әу баста дербес мемлекет болуды армандаған - Сұлтан Хан Аққұлы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алаштанушы Сұлтан Хан Аққұлының айтуынша, бүгінде Алаш идеясын дұрыс түсінбейтіндер көп.

«Алаш партиясы», «Алаш қозғалысы» мен «Алаш автономиясы» деген атауларды білсе де, идеяның түпкі мақсатын түсінбейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бір нәрсеге баса назар аударуымыз қажет. XX ғасырдың басында «автономия» деген ұғымның қазіргі түсініктен айырмашылығы жер мен көктей болған. Мысалы, Австралия да Англияның «автономиясы» болып саналады. Сондықтан Әлихандардың түсінігі бойынша «автономия» деген сондай мемлекет болды. Өз алдына жері, елтаңбасы, былайша айтқанда, мемлекеттіліктің барлық атрибуттары болған. Сол себепті Алаш партиясы, Алаш қозғалысы - бұның барлығы Алаш ұлттық, демократиялық, парламенттік республикасын құру жолындағы қосалқы жұмыстың бірі болды», - деді Аққұлы бүгін Астанада өткен жиында.

Оның айтуынша, Алаш партиясын құрудың негізгі мақсаты - Бүкілресейлік құрылтай жиналысына қатысып, қазақ халқына бөлінген «квотаны» барынша игеру. Сол арқылы Алаш мемлекетін заңдастырып шығару міндеті болған.

«Енді қараңыз, Бүкілресейлік құрылтай жиналысының сайлауы кезінде Қазақстанда «Алаш» партиясымен бірге Көлбай Тоғысовтың «Үш жүз» партиясы мен Әліби Жангелдин бастаған социал-демократтар дауысқа түсті. Сонда «Алаш» партиясы бәрін ойсырата жеңіп, қазаққа бөлінген бүкіл 43 мандатқа ие болды. Халық оны неге қолдады? Себебі аталған партия қазақты ұлт болып ұйыстырды, әрбір азамат руына, жүзіне қарамай, өзін Алаштың ұрпағымын деп қабылдады. Сондықтан ол кезде Алаш мемлекет болып қалыптаса білді. Иә, Ресей империясының құрамындағы автономия ретінде аяққа тұра бастады», - деп атап көрсетті алаштанушы.

Ал «Алаш» партиясының жарғысында «реті келсе, өз алдына дербес, реті келмесе, Ресей құрамындағы автономия боламыз» деп жазылды. 1917 жылы қазан айында Әлихан Бөкейханов Жалпы Сібір съезіне қатысты. Сонда партия өкілдері Сібір автономиясының конституциясына арнайы бап енгізуге келісті. Оған сәйкес, Алаш автономиясы қалаған кезде Сібір автономиясынан бөлініп, өзін дербес мемлекет ретінде жариялай алады.

«Қазір кейбір тарихшылар Әлиханның дербес мемлекет болып бөлінуді мақсат тұтпағаны жайында айтады. Олар қатты адасып отыр. Алаш партиясының да, Алаш қозғалысының да түпкі мақсаты - дербес мемлекет болу.  Олар Ресейдің құрамында «аға-көке» деп, орыстардың арқасынан қағып отырып, арқылы мемлекеттің шекарасын толығымен белгілеп алуды көздеді. Басқарушы кадрларды даярлап, өз әскерін жасақтап алғаннан кейін бөлініп кетуді армандаған», - деді Сұлтан Хан Аққұлы. 

Айта кетейік, бүгін Астанада «Қазконтент» АҚ National Digital History порталының ұйымдастыруымен Алаш автономиясының 100 жылдығы қарсаңында «Алаш мұраты және Елбасы идеясы» атты «дөңгелек үстел» өтті. Іс-шараға елімізге белгілі тарихшылар, алаштанушы ғалымдар қатысты.