«Алаш идеясы - арыстарымыздың арманы еді» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 5 тамыз шілде. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі 5 тамыз, жұма күні республикалық басылымдарда шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Павлодар облысындағы жұмыс сапарының екінші күнін «Каустик» АҚ базасында құрылып жатқан еркін экономикалық аймақтың жұмы­сы­мен танысудан бастады. Осыған орай ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Керекудегі химия кластерінің көкжиегі» деген тақырыппен мақала жарияланды. Басылымның атап өтуінше, Мемлекет басшысы жұмыс сапары барысында «Каустик» химия зауытының жұмысымен танысып, Павлодар қаласында жаңа­дан ашылған «Энергетик» теннис орталығын аралап көргеннен кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген. «Павлодар өңірінің индус­трияландыру мәселесі жөнінде өте маңызды орын алатындығын атап көрсеткім келеді. Индус­трияландыру бағдарламасы бой­ын­ша мұнда жалпы 144 нысан іске қосылмақ. Оның ішінде 30 ны­сан қазірдің өзінде пайдалануға берілсе, 12 ірі индустриялық жоба биыл жүзеге асырылмақ», - деді ҚР Президенті.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев Нор­ве­гияның Қазақстандағы елшісі Даг Халворсенді және «Bike for Peace» қоғамдық ұйымының бастамасымен ұйымдастырылған «Семей - Алматы - Астана» велосаяхатының жетекшісі Торе Наерланд пен осы веложорықтың мүшесі Франк Томлинсонды қа­был­дады. Бұл бастама Семей ядролық сынақ полигоны ж­а­былуының 20 жылдығына арналып отыр. Кездесу барысында әңгімеге арқау болған жайттар жайында басылымның бүгінгі нөміріндегі «Қазақстан-Норвегия мүдделестігі» деген мақаладан егжей-тегжейлі біле аласыздар.

***

«Айқын» газетінде жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбаймен арадағы сұхбат «Алаш идеясы - арыстарымыздың арманы еді» деген тақырыппен берілді. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген қаламгер: «Қазақ мемлекетінің даму бағдарын, рухани ұйтқысы мен тірегін анықтайтын аса жауапты саяси бетбұрыс - 1921 жылы Орынборда өткен Бүкілқазақтық Өлкелік кеңестің ІІ съезі болды. Қазақ Автономиясына қуыршақ үкімет ретінде ғана қарап, барлық тізгінді партияның билеп-төстеуінде қалдырып, бірте-бірте ұлт қайраткерлерін іс басынан аластатып, ақыр-соңында көзін жоюды ойластырғанын ұлт өкілдерінің бәрі де сезді. Партиялық тазалау, таптық текті айыру, ұлтшылдыққа қарсы күрес науқаны тура соған бағытталып еді»,- дейді.

Петропавл қаласындағы аллеялардың бірінде жарты ғасырдан астам уақыт тұрған пролетариаттың күн көсемі Лениннің соңғы ескерткіші орнынан алынды. Осыған орай «Айқын» газетінде «Ленин тұғырдан түсті» деген тақырыппен мақала жарияланды. «Бұдан бірер күн бұрын бір топ жұмысшы үн-түнсіз келіп 20-30 минуттың ішінде Владимир Ильичтің аяғынан кесіп, тұғырдан түсіріп алып кеткен. Петропавлдықтарға керегі оның орны емес екен, басқа лайықты адам таппағандықтан, елу жыл Ленин тұрған тұғырға мультфильмнің кейіпкері капитан Врунгельді тұрғызыпты. Мультипликациялық персонаждың тұлғасы да, оң қолын көтеріп тұрған тұрысы да Ленинге қатты ұқсайтындықтан, қала тұрғындары алғашында бұл өзгерісті байқамай да қалыпты», - деп жазады басылым.

***

Соңғы уақытта қабірге қойылған, түрлі-түсті металдан жасалған белгілерді ұрлап, сатып пайда табуды кәсіпке айналдырғандар еліміздің әр аймағынан бой көрсетіп жүр. Таяуда Қарағанды облысы Теміртау қаласының маңындағы мұсылман зиратының 18 қабір қоршауын қиратқан вандалдар қолға түсті. Олар төрт мазардың қабырғаларын құлатып, металл қоршауларын алып кеткен. Басқа зираттардың мәрмәр тастары мен жазуларын құртып, ұрлаған металдарын небәрі 1500 теңге өткізген. Бұндай сорақы оқиғалар республиканың барлық аумақтарында байқалып отыр. Сонда зиратта жатқан өлілерге де тыныштық бермей, қабірлерін қорлатып қойғанымыз қалай? Мұнымен күресудің жолдары қалай? Бұл сауалдарға «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Қабірлерімізді қиратып жатыр. Ал вандализмге қалай тосқауыл қоямыз?» деген мақаладан жауап аласыздар.

Қостанай облысына қарасты қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментінің бұрынғы қызметкерлерінің үстінен қозғалып отырға қылмыстық іс бойынша соттық процесс басталды. Бұл жайында «Алаш айнасы» газетінің жұма күнгі нөміріндегі «Қаржы полицейлері заңсыз үй сатып келіпті» деген мақалада кеңінен баяндалған. Басылымның жазуынша, қаржы полициясының қызметкерлері балалар үйінің тәрбиленушісіне тиесілі үйді заңсыз иемденіп, сатып жіберген.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Түркия Республикасына ресми сапары барысныда аталған елдің басшысы Абдолла Гүлмен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы таяуда Түркияда өткен сайлаудың нәтижесінде байланысты Елбасы Н.Назарбаевтың жолдаған сәлемін жеткізді. Өз кезегінде Абдолла Гүл екі ел арасындағы өзара қарым-қатынасқа жоғары баға берді. Мақала «Динамика крепкой дружбы» деген тақырыппен берілген.