Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері Б.Құлмановтың есімін мәңгі есте қалдыру - ұрпақ парызы

Фото: None
Л. Қарашаның 2-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері Бақтыгерей Құлмановтың туғанына 150 жыл толғалы отыр. Осыған орай оның есімін ел болып ұлықтап, мәңгі есте қалдыру шараларын ұйымдастыру - ұрпақ парызы. М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұяқбай Рысбековтің

ҚазАқпарат тілшісіне мәлім еткеніндей, Бақтыгерей Құлманов 1859 жылы желтоқсанның 22-сінде бұрынғы Астрахан губерниясының "Никольский" деп аталатын елді мекенінде, яғни Бөкей даласында төре тұқымы әулетінде дүниеге келген. Құлмановтың арғы аталары Әбілқайыр ханның ұрпағынан тарайды.

1881 жылы маусым айында Б.Құлманов Орынбор гимназиясын күміс медальмен ойдағыдай аяқтап шықты. Білімге деген құштарлығы арта түскен ол сол жылы Санкт-Петербор университетіне оқуға түседі. 1888 жылы қазан айында аталмыш университеттің ғылыми кеңесі Б.Құлманов жазған диссертациялық жұмысты жоғары бағалап, ЖОО түлегіне ғылым кандидаты деген атақ қоса берілді.

Бұдан кейін Б.Құлманов екі жылдай Баку қаласында өз мамандығы бойынша қызмет атқарды. 1890 жылы Ішкі Ордаға қайтадан оралып, 1903 жылға дейін Қамыс-Самарды басқарды. Б.Құлманов Ішкі Орда қазақтарының атынан арнайы делегациямен Санкт-Петерборға барып, қазақ даласындағы басқару жүйесін жетілдіру және халыққа ауыр тиген жер мәселесі туралы талқылауларға қатысады. Б.Құлманов өзімен бірге барған С.Нұрмұхамедов, С.Жантөрин, Б.Шынтеміров сияқты қазақ зиялыларымен бірге Ішкі істер министрлігінде болған кеңеске қатысып, өкіметтен тез арада жер мәселесін шешуді батыл талап етіп, бірнеше ұсыныстар енгізді.

Б.Құлманов І және ІІ Мемлекеттік Думаға қатарынан екі рет Ішкі Орда қазақтарының атынан депутат болып сайланып, онда мұсылмандар фракциясының құрамында қызмет етті. Ол қазақ даласынан сайланған Ш.Қосшығұлов, Б.Қаратаев, С.Жантөрин, М.Тынышбаев, Т.Алдабергенов, Ә.Бөкейханов, А.Қалменов, А.Бірімжанов сияқты ұлт зиялыларымен бірге ұлыдержавалық шовинизм мен империялық саясат үстемдік етіп тұрған сол кездің өзінде ел намысы мен талан-таражға түскен қазақ жерін қорғау ісіне барынша үлес қосты.

Бақтыгерей Құлмановтың саяси қайраткер ретінде белсенділік танытуы 1916 жылы анық байқалды. Ол патша жарлығына қатты наразылық танытып, үн көтерді, қазақтар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, қарсылық білдіруге шақырды. Б.Құлмановтың бұл әрекеті патша өкіметінің назарын аударды. Губернатор Соколовскийдің бұйрығымен ол Ақтөбе өңіріне айдауға жіберіледі және онда 1917 жылғы ақпан төңкерісіне дейін болады.

Б.Құлманов көптеген қазақ зиялылары сияқты Ақпан төңкерісіне үлкен үміт артты. Патшаның тақтан құлауын, Ресейдегі самодержавиялық монархияның күйреуін демократиялық өзгерістерге кең өріс ашар зор құбылыс ретінде қабылдайды. Сөйтіп жаңа өмірдің саяси қозғалыстарына белсене араласа бастайды. Өз елінде үлкен бедел иесі саналатын ол халық арасында Ақпан төңкерісінің мақсат-мұраттарын түсіндіріп, оның азаматтық идеяларын уағыздайды.

1917 жылы сәуірдің 21-сінде Бөкей Ордасындағы елді мекендерде тұратын қазақтардың арнайы съезі болады. Съезге қазақ даласына есімдері белгілі Ғ.Мұсағалиев, И.Меңдіханов, С.Меңдешев, Б.Ниязов, М.Шомбалов, Ш.Бекмұхамбетов сияқты зиялылар қатынасады. Бұл съезд негізінде Ішкі Ордадағы басқару жүйесін жетілдіруге арналған еді. Съезд өз мәжілісінде басқару ісін жүргізудің орталық комитетін сайлайды. Сонымен қатар съезд Бақтыгерей Құлмановқа "Қазақ халқының Астрахань өлкесіндегі комиссары" ретінде билік жүргізуге құқық береді. Халық алдында беделі бар Б.Құлманов ел басқару ісіне белсене кірісіп, егемендікке жетудің ірге тасын қалауға араласады, Уақытша үкіметпен қарым-қатынас орнатады.

Большевиктер партиясының күшімен жасалған Қазан төңкерісін Б.Құлманов қабылдамады. Лениннің қырып-жою мен үркіту-қорқытуға бағытталған революциялық саясатын А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов сияқты көзі ашық қазақтар қатаң сынға алды, оның болашағына, жариялаған жалған ұрандарына күдікпен қарады. Міне, сондықтан да Б.Құлманов  ұлтжанды қазақ зиялыларымен бірге Алаш партиясы мен оның үкіметін құруға белсенді түрде ат салысты.

Б.Құлманов 1917 жылы желтоқсанның 5-13-інде Орынбор қаласында өткен жалпықазақ съезіне арнайы шақырумен қатысып, съезд төрағасы болып сайланды. Съезд Алаш Орда үкіметінің билік жүргізуші органы - Халық Кеңесінің төрағасын сайлау мәселесін алға қойған кезде Б.Құлмановтың есімі Ә.Бөкейханов және А.Тұрлыбаевтармен бірге демократиялық негізде дауысқа түсті. Төрағалыққа өтпегенмен де, Б.Құлманов жаңа құрылған Алашорда үкіметінің құрамына мүше болып енді.

Большевиктер жаңа құрылған үкіметті жойып, ұлттық демократиялық мемлекет құру идеясын түп тамырымен жоққа шығару мақсатын жүзеге асырды. Кеңес өкіметіне қызмет етпеген Бақтыгерей Құлманов ауыр науқасқа шалдығып, 60 жасында қайтыс болды.  

ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстан Ресей имериясының толық отар еліне айналды. Саяси жағынан алғанда бұл ұлттық мемлекеттіліктің барлық негіздерінің жойылуы еді, қазақ халқы өз тағдырын өзі билеу құқығынан айрылды.

Қазақ қоғамының осы бір қасіретін халықтың озық ойлы, көзі ашық өкілдері аңғара білді. ХІХ ғасырдың аяғында ұлтты саяси жағынан  қайта түлету қажет екенін айқын түсінген қазақ зиялылары  қалыптаса бастады. Солардың бірі және бірегейі императорлық Санкт-Петербор университетінің түлегі  Бақтыгерей Құлманов еді.  Халық мүддесін жоғары қойған ол Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов сынды ұлт зиялыларымен тізе қосып, халық мұраты жолында Алаш партиясының құрамына қосылды. Алаш қайраткерлері жалпы адамзаттық  гуманизм қағидаларын да ұмытпай, бүкіл қазақ халқының мұң-мүддесіне қызмет етті және бүкіл ғұмырын осы мақсатқа жетуге арнады.

Бақтыгерей Құлманов - өз заманының шеңберіне сыймай, оның талаптарына көнбей, даналық танытқан санаулы қайраткерлердің бірі. Сондықтан ендігі мақсат - оның халқымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі үшін атқарған қызметін бағалап, жас ұрпаққа мұра етіп қалдыру.