«Алаш прайд» жекпе-жектері Алматының 1001 жылдығына арналмақ

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 9 қыркүйекте «ALASH PRIDE» клубы АСВ промоушенімен бірлесе отырып, Алматының 1001 жылдығы құрметіне, аралас жекпе-жектен үлкен халықаралық «АСВ-69» турнирін өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ол туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында «Алаш Прайд» президенті Данияр Қасқарауов айтты.

«Алматы-аренада» өтетін бұл ММА бəсекесінде Арман Оспанов басты жекпе-жекке шығады. Қарсыласы таяу күндері белгілі болмақ. Арман аталған турнирде əлемдегі рейтингі жоғары жекпе-жек шеберлерінің бірімен айқасқа түспек. Жеңіске жеткен жағдайда, Арман үшін UFC келісімшартына қол қоюға зор мүмкіндік туады», - деді Данияр Қасқарауов.

Арман Оспанов жақын күндері Махачкалаға (Ресей) оқу-жаттығу жиындарына аттанады.

Сонымен қатар, АСВ-69 турнирінде жалпы 12 жұп өнер көрсетеді. Сегізбұрышқа шығатын спортшылардың ішінде 7 қазақстандық жекпе-жек өкілі бар. Олар: Асылжан Бақытжанұлы, Асу Алмабаева, Қаршыға Дәуітбек, Евгений Егембердиев, Бақытжан Несіпбек жəне легионер Мурод Хантураев (Өзбекстан). Жалпы, АСВ-69 халықаралық турнирінде əлемнің 10-ға жуық мемлекетінің бетке ұстар жекпе-жек өкілдері айқасқа түсетін болады.

«Алаш Прайд» атынан өнер көрсететін бұл спортшылар қазір Тайланд еліндегі оқу-жаттығу жиындарында жүр.

Айта кетерлігі, АСВ промоушені - дүниежүзі бойынша даму қарқыны жағынан, атақты UFC-ден кейінгі ұйымдастыру алаңы. АСВ-69 турнирі - Қазақстанда бұрын соңды болмаған, жоғарғы деңгейлі жекпе-жек жəрмеңкесі болмақ.