«ALASH PRIDE-ACB»: Қазақстандық файтер «САҚ» АҚШ спортшысын нокаутпен жеңді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда өтіп жатқан «ALASH PRIDE-ACB» халықаралық ММА турнирінде 94 келі салмақта жекпе-жекке шыққан қазақстандық файтер Асылжан Бахытжанұлы («САҚ») АҚШ спортшысы Джаред Торгесонды техникалық нокаутпен жеңді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның алдындағы жекпе-жекте 70 келі салмақ дәрежесі бойынша тағы бір АҚШ спортшысы Алонзо Мартинесті ресейлік Рахман Махажиев тізе бүктірген болатын.

Қайталай кетейік, бүгін ережесіз аралас жепке-жек кешінде қазақстандық файтер Қаршыға Дәуітбек тәжікстандық Эмомолий Халбоиді бірден нокаутқа жіберген болатын. Алайда, қазақстандық спортшымыз Олжас Есқараев 70 келі салмақ дәрежесіндегі қырғыз елінің файтері Алманбек Жаныбековтен жеңіліп қалды. «Алмата аренадағы» көрермен отандасымыздың бұл сәтсіздігіне куә болғанымен, 57 келі салмақ дәрежесінде жекпе-жекке шыққан ресейлік Ибрагим Мамаевті қазақстандық Асу Алмабаев жеңіп, көк туды желбіретті.

Айта кетейік, жекпе-жек кешінде бірінші болып алаңға Тәжікстан спортшысы Рамазон Назоров пен қазақстандық Бахтияр Несіпбек шыққан болатын. Шыға салысымен қазақстандық спортшы 34 секунд ішінде қарсыласын техникалық нокаутпен жеңді.

Шара Алматы қаласының 1001 жылдығына арналады. Сайыстың басты жекпе-жегі қазақстандық Арман Оспанов пен бразилиялық Тьяго Луис Сильва арасында өтеді.

«ALASH PRIDE» промоутерлік компаниясы «АСВ» промоушенімен бірлесе, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан тарихындағы ең ауқымды, халықаралық ММА турнирін «ALMATY ARENA» спорт кешенінде өткізіп отыр. Сайыстың жүргізушісі - ТМД және Ресей бойынша ең үздік ринг-жүргізушісі Александр Загорский.

Бұл кештің басты жекпе-жегі Арман «СҰҢҚАР» Оспанов пен бразилиялық Тьяго «MANCHINHA» Луис Сильва арасында өтеді.

Қазақстанның ең үздік файтері, «Alash Pride FC» сарбазы - Арман Оспанов кәсіпқой аралас жекпе-жекте сегіз кездесуге шығып барлығында айқын жеңген. Ол әскери самбодан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, қоян-қолтық ұрыстан әлем және ТМД чемпионы, әскери самбодан әлемнің үш дүркін чемпионы. Оның қарсыласы Тьяго Луис Сильва (12-5) бразилиялық джиу-джитсудан қара белбеудің иегері және «Shooto Brasil» ұйымының әлем чемпионы.

Бұл ММА турнирінің аясында белгілі қазақстандық спортшылар, «Alash Pride FC» өкілдері - Евгений Егембердиев пен легионеріміз Мурод Хантураев және Игорь Свирид айқасқа түспек. Турнирде сегіз бұрышқа жалпы 15 жұп 11 жекпе-жекке шығады. Олар: Ресей, АҚШ, Бразилия, Литва, Румыния және Тәжікстан сынды елдердің атышулы файтерлері.

«ALASH PRIDE - АСВ» турниріне белгілі америкалық UFC рефериі- Джон Маккарти мен Херб Дин өзінің әділқазылар бригадасымен төрешілік етеді. UFC-дің үш дүркін экс-чемпионы Френк Мир тікелей эфирде аталған жекпе-жек кешінің комментаторы болмақ.