«Алаштың рухы жаңғырған күн. Смағұл Сәдуақасұлының мәйіт күлі Астанаға әкелінді» - республикалық басылымдарға шолу
***
«Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен VII қысқы Азия ойындарын өткізуге дайындық мәселесіне арналған кеңес болып өтті. Онда Мемлекет басшысы қысқы Азия ойындары өткізілетін Астана және Алматы қалаларының дайындық деңгейін тағы бір рет пысықтады. Сондай-ақ отырыста VII Қысқы Азия ойындарының ашылу және жабылу салтанаттарына дайындық мәселелері талқыланды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Азиадаға дайындық пысықталды» деген тақырыппен жарық көрген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, бүгінгі таңда Азиадаға өз спортшыларының қатысуын 27 ел қуаттап отыр. Қатысуға өтініш берген спортшылар мен ресми өкілдердің саны 4 мың 135 адамды құрайды.
Өткізілгелі тұрған ойындардың барлық қазақстандықтар үшін оң рөлін атап көрсете келе, Азия ойындарының ашылу және жабылу салтанаттарына ерекше көңіл бөлуге шақырған Елбасы: «Ел ішінде спортты және саламатты өмір салтын насихаттауда және өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде Азиаданың алар маңызы үлкен. Қазақстан - осыған дейін 117 Олимпиада, әлем және Азия чемпиондарын тәрбиелеген ел. Олардың табыстары мен жеткен жетістіктері мемлекетіміздің абыройын арттырды. Біз алдағы жарыста Жапония, Қытай және Корея секілді мықты қарсыластарымыз барлығын түсініп отырмыз. Дегенмен, алдымызға үлкен міндет қоюдамыз. Ол - қол жеткізген медаль саны бойынша алдыңғы үштіктен көріну», - депті.
Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен бұрнағы күні Жер ресурстарын басқару агенттігінің кеңейтілген алқа отырысы болып өтті. Онда Үкімет басшысы елімізде мал шаруашылығын дамыту мақсатында кең көлемдегі бағдарлама белгіленгенін, бұл ауқымды мақсатты жүзеге асыру шабындықтар мен жайылымдардың сапасы мен есебіне тікелей байланысты екендігін атап көрсетті. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Бар байлықтың бастауы» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Басылымның жазуынша, алқа отырысында есепті баяндама жасаған Жер русурстарын басқару агенттігінің төрағасы Өмірзақ Өзібеков 2010 жылы агенттіктің аймақтық жер инспекциялары жер қатынастары заңдылықтарының сақталуын қадағалау мақсатында 6300 тексеріс жүргізгендігін атап көрсеткен. Осы тексерістер барысында 3,5 мың кемшіліктер анықталып, заң бұзушыларға әкімшілік шаралар қолдану барысында 428 миллион теңге айыппұл өндіріліп алынған. Сонымен бірге, өткен жылы жер инспекциялары еліміз бойынша жалпы көлемі 3 миллион гектардан асатын пайдаланымнан шыққан 17 мың жер телімін анықтаған. Оның ішінде жалпы көлемі 1,7 миллион гектарды құрайтын 4,9 мың иесіз қалған жер телімдері есепке алынған. Жалпы көлемі 1,1 миллион гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мемлекеттік меншіккке қайтарылды. Оның ішінде сот шешімі арқылы жалпы көлемі 95 мың гектар 254 жер телімі мемлекет меншігіне алынды.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, кеше «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Астана қалалық филиалының кезекті есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Бұл шараға 230 делегат, Парламент және Астана қалалық мәслихатының, орталық және жергілікті мемлекеттік басқару органдарының және бейресми ұйымдардың өкілдері қатысты. Конференцияда сөз алған Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Партияда ұлт жетекшісі болу - үлкен жауапкершілік. Партия болашақ сайлаушылардың басым бөлігінің өкілдері, ол еліміздің тұңғыш Президентінің өкілеттігін ұзарту бойынша референдум өткізуге өзіне басты міндетті алуы және халық таңдауын жүзеге асыруы тиіс», - деп атап көрсеткен.
Осы басылымның дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының сенбілік қонағы - техника ғылымдарының докторы Абай Тұрсыновпен арадағы сұхбат «Қазақстан Арал теңізін құтқаруға болатынын дәлелдеді» деген тақырыппен берілген. Басылымның барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Қазақстан шын мәнінде, Арал теңізін құтқаруға болатынын дәлелдеді. Солтүстік Аралдың қайта қалпына келе бастауы, онда балық шаруашылығының дамуы мұның айқын мысалы. Үлкен өкінішке қарай, Орталық Азиядағы басқа республикалар бұл мәселеге онша бас ауыртпай отыр. Егер халықаралық қауымдастық белсене араласып, бірлескен іс-қимыл жобаларын жасап, олардың орындалуын қатаң талап етсе, жағдай өзгеруі мүмкін. Арал апатын жоюдың меніңше бір-біріне ұқсамайтын, бірақ өзара өте тығыз екі жолы бар», - дейді. Ғалымның Аралды құқтару үшін ұсынып отырған амалдарын білгіңіз келсе, «Айқын» газетінің сенбілік нөмірін жіберіп алмаңыз.
***
«Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы жыл басынан-ақ ел үшін маңызды, ұрпақ үшін тәлімді болатын іспен басталып жатыр. Кеше мемлекетіміздің тұғыры - бас қаламыз Астанаға асыл текті Алаш рухы жеткізілді. Таңғы сағат 7-ден 25 минут өткенде Астана әуежайына Мәскеуден рейстік ұшақпен Алаштың ардақты ұлы, қазақтың елдігі үшін жастайынан аянбай еңбек еткен қайраткері, ұлт мұраты үшін күрескен арда заматы Смағұл Сәдуақасұлының тағдыр жазуымен жат жұртта қалған мәйітінің күлі әкелінді», -деп жазады «Алаш айнасы» газеті сенбілік санындағы «Алаштың рухы жаңғырған күн. Смағұл Сәдуақасұлының мәйіт күлі Астанаға әкелінді» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Алаш ақиығының күлін жер қойнауына тапсыру ісіне қатысты ой екіге жарылып тұр. Бірі Астананың «Жастар» ықшамауданындағы ескі қорымды атаса, енді бір топ Қабанбай елді мекеніндегі Қабанбай батыр мазарының жанына жерлеп, сол жерде ұлттық пантеон ашқан дұрыс санайды. Алайда нақты қай жерге жерленетіні әлі белгісіз. Белгілі болып отырғаны - Смағұл Сәдуақасұлының күлі Сәдуақас Ғилмани атындағы ескі мешітке жеткізіліп, сондағы жаназа шығару бөлмесіне уақытша қойыла тұрады.
«Алыстан көргіш қазақ құрып барады», деп дабыл қағады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі нөмірінде. «Өкінішке қарай соңғы уақыттары қазақстандықтар арасында мидың «генераторы» саналатын көздің нашар көруі белең алып барады. Әсіресе, жас балалар арасында. Нақты айтар болсақ, республикадағы бастауыш сыныпта оқитын бүлдіршіндердің 15 пайызының көзі нашар көретін болса, мектеп бітіргенше бхұлардың қатары 35 пайызға дейін жетіп жығылады екен», - деп жазады басылым. Мақаланың толық нұсқасын сенбілік нөмірден оқи аласыздар.
***
«Мемлекет басшысының атына Тұңғыш Президенттің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы бастамашы топтың бастамасын қуаттаған хаттар толассыз келіп түсуде», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Мәселен, Алматы облысы, Панфилов ауданы, Айдарлы ауылының тұрғыны Әбілхан Оспанов былай деп жазыпты: «Өз басым Елбасының президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуды қалың жұртшылық қызу қолдап жатқан тұста үнсіз қалуды жөн көрмедім. Дана қазақта «Жақсының жақсылығын айт - нұры тасысын» деген аталы сөз бар. Мен ел ішіндегі адаммын. Халықтың тұрмыс-тіршілігінің бұрын қандай болғаны, қазір қандай деңгейге көтерілгені көз алдымда. Бүгінгі күнгі баршылыққа, бейбітшілікке шүкір етуіміз үшін біз өткенді ұмытпауымыз керек. Арада өткен жиырма жылда халықтың тұрмысы аса бір жылдамдықпен жақсарды. Осы күні елімізді әлем таниды. Сондықтан, менің пайымдауымша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігінің 2020 жылға дейін ұзартылуы өте орынды деп білемін».