Алатау ауданын дамытуға 8 жыл ішінде 270 млрд теңге бөлінді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі Бағдат Манзоров 2016 жылдың 9 айындағы «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» - Ұлт жоспары» аясында жүргізілген ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жұмыстарының қорытындысын жария етті.

Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында сөз сөйлеген Б.Манзоров 8 жыл бұрын, алғаш аудан құрылған кезде заңсыз иемденген жер учаскелерін заңдастырудың ең өзекті мәселе болғанын атап өтті. Аталған мәселе 5 жыл бұрын шешілді, нәтижесінде 5151 жер телімі заңдастырылды. «8 жылда ауданның дамуына бюджеттен 274,2 млрд теңге бөлінген, халық саны - екі жүз жиырма мың адамнан асады. 8 жылдағы салық түсімі 6,5 млрд. теңгеден 20 млрд. теңгеге дейін өскен. Республикалық бюджет үлесі 3,7 млрд. теңгеден 11,7 млрд теңгеге, жергілікті бюджет үлесі  2,8 млрд. теңгеден 8,6 млрд. теңгеге дейін ұлғайды», - деп хабарлады аудан әкімі.

Оның мәліметтері бойынша, өндіріс 2,5 млрд теңгеден 58 млрд теңгеге, аудан бойынша негізгі капиталға физикалық көлемнің өсу индексі 100 миллиард теңгеге дейін өсті, жұмысшылардың орташа айлық жалақысы 116 мың теңгені құрады. Тауар айналымы көлемі 889 млн теңгеден 202 млрд теңгеге дейін ұлғайды, оның ішінде бөлшек тауар айналымы 84 млрд теңгені құрайды, көтерме сауда көлемі 118 млрд теңгеге дейін көтерілді. «Индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, Алатау ауданында 490 гектар жерге Индустриалды аймақ құрылысы жүріп жатыр. Оның негізгі даму бағыттары азық, құрылыс, жеңіл, жиһаз және химиялық, өнеркәсіптер және машина жасау, фармацевтика болмақ», - деп атап өтті ол.

Б.Манзоровтың хабарлауынша, бүгінде Индустриалды аймақтан жер телімін алуға кәсіпкерлерден 194 өтінім қабылданған, оның 33-і мақұлданды. Бір кәсіпорынның құрылысы аяқталды және тағы екі зауыттың құрылысы басталды.

Тұтастай алғанда, 8 жылда 159 шақырым электр желісі, 199 шақырым тораптық газ жүйелері жүргізілді. 34 шақырым су жүйесі, 71 шақырым автокөлік жолдары және үш жол айрық пен 15 жерүсті жаяу жүргіншілер жолы салынды.

«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында жеке инвестиция есебінен ауданда 18 спорттық және балалар алаңы тұрғызылды. МЖС аясында 22 балабақша пайдалануға берілді», - деді Алатау ауданының әкімі.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытудың «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамның» 34-қадамында көрсетілгенін атап өткен жөн. Аталған мәселе мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке қатысты мәселелерді бірнеше рет көтерген Мемлекет басшысының жіті бақылауында. Құрылысқа, пенитенциарлық мекемелер басқармаларына жеке секторларды тарту бойынша ұсыныстар құру және халықаралық тәжрибелерді зерттеу қажет, делінген Ұлт жоспарының 34-қадамында. Ауданда 68 көпқабатты үйдің құрылысы аяқталған, оның басым бөлігі «Саялы» шағынауданында орналасқан. Баспаналарына зақым келген «Алғабас-6» шағынауданының тұрғындарына «Саялы» шағынауданынан жаңа үйлер беріледі. Үйлер биыл 1 желтоқсанда қолдануға беріледі.