11:20, 30 Наурыз 2009
Алатау ауданында 4523 жер учаскесі мен тұрғын үй заңдастырылады
АЛМАТЫ. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Өткен аптада Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі Бағдат Манзоровтың төрағалық етуімен біріккен жұмыс комиссиясының кезекті отырысы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Алатау ауданының басшысы комиссия мүшелеріне үстіміздегі жылдың 20 сәуіріне дейін қаланың шағын аудандар аумағында орналасқан 4523 жер учаскесі мен тұрғын үй құрылыстарын заңдастыру міндеті туралы хабарлады. Б. Манзоров комиссия мүшелеріне алғашқы 3000 учаскені заңдастыру үшін қажетті материалдарды жинап, оларды Жер комиссиясына тапсыру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Ал газ және су желілерін қорғау аумақтарында, сақ қорғандарының үстінде, зират маңында, жобаланып қойылған жолдардың үстінде орналасқан учаскелер мәселесін 20 сәуірден кейін қарастыру ұсынылды. Жұмысты жандандыру мақсатында комиссия мүшелері аудандағы барлық 18 шағын ауданға бөлінді. Бұған қоса, наурыздың 26-да заңсыз салынған үйлердің иелерімен Алатау ауданының әкімі мен қала әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов кездесті. Қала басшылығы дау тудырған учаскелерде тұрғызылған үйлердің бұзылмайтындығына уәде берді. Олар жалға берілетін болып қайта рәсімделеді немесе Алматы облысының Қарасай ауданынан осындай учаскелер берілмек.