Алатау ауданындағы заңсыз салынған 4523 үй құрылысының 3500-ін биыл заңдастырамыз - аудан әкімі

АЛМАТЫ. Мамырдың 12-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматы қаласы Алатау ауданында 4523 заңсыз салынған тұрғын үй құрылысы бар. Биыл жазда оның 3500-і заңдастырылмақ. Аудан әкімі Бағдат Мәнізоров бүгін баспасөз мәслихатында осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бұл үйлер газ құбыры мен су аумағында және тағы басқа тыйым салынған жерлерде орналасқан. Газ қорғау аумағы бұрын 150 метр болған. Бүгінгі күні қала бюджетінен бөлу құрылғыларын салып, құбырлардағы газ қысымын төмендетіп жатырмыз. Соның нәтижесінде газ құбыры аумағындағы тыйым салынған жер телімдерін 10 метрге дейін қысқартып, ондағы мың үйдің 700-800-ін заңдастыруға жатқызуды көздеп отырмыз», - дейді Б. Мәнізоров. «Жұмыс барысында әртүрлі жағдайлар кездесуде, көп адамдардың үйлері заңдастыруға келмей жатыр. Тіпті 6-7 үй салып, оны жас отбасыларға жалға беріп, қазір заңдастыра алмай жүргендер бар. Осындайлар анықталатын болса, оны да бұзуға жібереміз. Өйткені мұндай алаяқтыққа жол бермеуіміз керек», - дейді аудан әкімі. Оның сөзіне қарағанда, қазір арнайы құрылған жұмыс комиссиясы облысқа қарасты аймақтан жер алып, қауіпті аумақта орналасқан 1000-1100 үйде тұратын азаматтарды көшіру, баспана тауып беру немесе өтемақы төлеу мәселесін қарастыруда.