Alatau City-дегі индустриялық аймақтар бірыңғай экономикалық жүйеге біріктіріледі

АСТАНА. KAZINFORM – Alatau City-де қолданыстағы индустриялық аймақтарды қаланың жаңа экономикалық және реттеушілік жүйесіне интеграциялау мәселелері талқыланды.

Коллаж: Kazinform/ЖИ

Дөңгелек үстелге «Алатау» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы, сондай-ақ «Бірлік», G-Trans Service, «ГОРИЗОНТ», TULIP, Damu Logistics және «Исткомтранс» индустриялық аймақтарының өкілдері қатысты.

Кездесуде АЭА қатысушыларын Alatau City резиденттігіне көшіру, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту, индустриялық аймақтарды қаланың мастер-жоспарына енгізу және инвесторлар мен жер пайдаланушылар үшін болашақ жұмыс шарттары қаралды.

АЭА қатысушыларының Alatau City резиденттігіне өтуі кезінде қолданыстағы шарттарды бұзу талап етілмейді. Қатысушылар үшін қазіргі шарттарды сақтау көзделіп отыр. Тиісті нормалар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне еніп, жаңа мәртебеге 2027 жылғы 1 шілдеге дейін өту жоспарланған.

– Міндет – индустриялық аймақтардың дамуын Alatau City-дегі инфрақұрылымдық және реттеушілік өзгерістермен үйлестіру және қолданыстағы әрі жаңа инвесторлар үшін түсінікті шарттар қалыптастыру, – делінген мәліметте.

Кездесуде инфрақұрылым мәселесіне де ерекше назар аударылды. Индустриялық алаңдарды дамыту үшін кәсіпорындардың құрылысын электр, газ және су желілерін тартумен, автомобиль және теміржол инфрақұрылымын дамытумен қатар жүргізу қажеттігі айтылды.

Бірқатар индустриялық алаңның көлік қолжетімділігі, соның ішінде Алматы көлік торабын айналып өтетін жол салу қажеттігі де талқыланды.

Сонымен қатар Alatau City-дің болашақ мастер-жоспарында аумақтарды аймақтарға бөлу және қолданыстағы индустриялық аймақтардың жаңа қала құрылымындағы орнын анықтау тәсілдері таныстырылды. Жеке меншіктегі және уақытша жер пайдаланудағы жер учаскелерін есепке алу мәселесі де қаралды.

Тараптар инвесторларға ұсынылатын салықтық преференциялар, басым салаларды анықтау, шетелдік сарапшыларды тарту және лицензиялау тәсілдерін талқылады.

Нақты активтерге құқықтарды токенизациялау мәселесіне де назар аударылды. 2026 жылы осы бағытта қажетті нормативтік және техникалық базаны қалыптастырып, алғашқы пилоттық жобаларды іске қосу жоспарланып отыр.

Индустриялық аймақтардың өкілдері өздерінің қолданыстағы және перспективалық жобаларын таныстырды. Олар инженерлік желілерге қосылу, көлік қолжетімділігі, салықтық шарттар, жер учаскелерінің мәртебесі және АЭА қатысушыларының Alatau City резиденттігіне өту тәртібі секілді мәселелерді көтерді.

Дөңгелек үстел қорытындысында тараптар аталған бағыттар бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті. Индустриялық аймақтар өкілдерімен келесі кездесу 2026 жылдың қазан айына жоспарланған.

Айта кетейік, Алатау қаласын дамытуға жасанды интеллект қолданылмақ.