«Alatau City» жобасына 2024 жылдың 9 қаңтарында Президент Жарлығымен қала мәртебесі берілді. Мұнда қазір 60 мыңға жуық халық тұрады. Жоспар бойынша Алатау 2 миллион адамға арнап салынады және 1 миллион адамға жұмыс орны ашылады.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Alatau қаласының аймақтағы толық цифрланған алғашқы қала атануы керегін әрі толығымен жеке инвесторлар есебінен салынуы қажеттігін айтқан еді.
– Тұтас қала аумағы арнайы экономикалық аймақ болып саналады. Сондықтан қалаға келген шетелдік инвесторларға толығымен мемлекеттік қолдау жасалады. Олар барлық салықтан босатылады, кедендік салықтан босатылады. Инфрақұрылымдар және мектеп, балабақша секілді әлеуметтік нысандар мемлекет есебінен салынады. Бұл инвесторларға жасалған үлкен көмек. Біз шетелдік және қазақстандық инвесторларды бөліп-жармаймыз, барлығына бірдей жағдай жасалады, – деді М.Құттыбай.
Оның айтуынша, арнайы экономикалық аймақ режимі 25 жылға, яғни 2048 жылға дейін жұмыс істейді. Смарт шешімдерден бөлек, ресурстарды үнемдеу, қайта өңдеу секілді экологиялық бағытқа да баса көңіл бөлінеді.
Алатау Қонаев пен Алматы қаласының дәл ортасында орналасқан. Ауа райы да қолайлы және құрылыс жұмыстарын қысы-жазы жүргізуге болады. Жаңа қала Алматыға артылған жүктемені жеңілдетіп, шетелге ағылған білімді жастарды тартуға да ықпал етпек.
Жақында Сингапур және Сеул қалаларында инвесторлар үшін Алатау қаласының шетелдік таныстырылымы өтеді. Әзірге Қытай, Сингапур, АҚШ, Таяу Шығыс мемлекеттері инвестиция салуға қызығушылық танытып отыр.
Айта кетейік, енді мемлекеттен көмек алған банктер жаңа инвесторға сатылып отырады.