Alatau City толықтай жеке инвестициялар есебінен салынады
АСТАНА. KAZINFORM — Alatau City шетелдік инвесторларды тартудың жаңа мүмкіндігі. Бүгінде жобаға қызығушылық танытып отырған ірі инвесторлар көп.
Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры «Президент Жолдауы: Қазақстан дамуының алдағы бағыттары» тақырыбында өткен отырыста айтты.
— Шетелдік инвестициялар көлемінің азаюы — жаһандық сипаттағы үрдіс. Ол тек біздің өңірде емес барлық аймақта байқалып отыр. Бұл жағдайда Қазақстан күтуші позициясында бола алмайды. Еліміз ірі инвесторларды белсенді түрде тарту үшін өзіндік, ерекше ұсынысқа ие болуы керек. Осындай ұсыныстардың бірі ретінде мемлекет Alatau City жобасын ұсынды. Бұл жобаға қазірдің өзінде үлкен қызығушылық бар. Бұл дәстүрлі инвестиция тарту моделінен ерекшеленеді. Бұрын біз көбінесе кім келіп, не ұсынады деп күтіп отыратынбыз. Ал қазір «Міне, ерекше орта, дайын инфрақұрылым, инвестицияға лайықты жоба бар» деп өзіміз ұсынып отырмыз. Бұл қала өзінің институционалды ортасын, артықшылықтарын, тіпті, жеке юрисдикциясын қалыптастырады, — дейді Жандос Шаймарданов.
Институт директоры Alatau City жеке инвесторлар есебінен салынатын еліміздегі тұңғыш қала болатынын жеткізді.
— Тәуелсіздік алғаннан кейін Астана мен Түркістан бюджеттік инвестициялар арқылы дамыды. Ал Alatau City толығымен жеке инвестициялар есебінен бой көтеретін қала болады. Бұл — қаржымыз шектеулі болып тұрған кезде, инвестиция тартуға көмектесетін өте маңызды мүмкіндік, — деді ол.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Жолдауында Alatau City аймақтағы толық цифрланған алғашқы қалаға айналуға тиіс екенін айтқан еді.