Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов бүгін Медеу ауданындағы денсаулық сақтау мекемесінің жұмысымен танысу кезінде айтты.
«Алатау кенті тұрғындарына сапалы қызмет көрсету үшін арнайы осы емхана салынды. Баршаңызға мәлім мұнда бұған дейін Елбасы тапсырмасы бойынша Алатау инновациялық технологиялар паркі құрылды. Қазір онда 100-ден астам компания орналасқан. Бұл келешегі зор үлкен елді-мекен. Тұрғындарының саны қазір 6 мыңнан 10 мыңға дейін жетіп отыр», - дейді А.Есімов. Шаһар басшысының айтуынша, Алатаудың инфрақұрылымын дамытып, қалалық үлгідегі кентке айналдыру жұмыстары жүргізілуде. Онда әлеуметтік нысандар салынып, жолдар жөнделуде.
Ағымдағы жылы «Алатау» инновациялық технологиялар паркі еркін экономикалық аймағы аумағында екінші кезеңін игеру жұмыстары басталмақ. Даму жоспарына сәйкес онда кемінде 250 инновациялық компания жұмыс жасап, 12 500 жұмыс орны құрылады. Парктің білім беру мекемелерінде 6 900-ге жуық оқушы оқып, кент тұрғындары 5 есе өспек.