Алатау қаласы айрықша мәртебе алады — Қанат Бозымбаев
АСТАНА. KAZINFORM — Алатау қаласына айрықша мәртебе беріледі. Бұл туралы Астана халықаралық форумында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев айтты.
Оның айтуынша, өткен жылы Алатау қаласының бас жоспары бекітілген. Ал бүгінде оған түзетулер енгізу жалғасып жатыр.
— Өйткені, өмір бір орында тұрмайды. Пайплайнда 36 жаңа инвестициялық жоба бар. Оның 14-і белсенді іске асырылып жатыр, шамамен 2 млрд доллар инвестиция және 20 мыңнан астам жұмыс орны. Мұнан бөлек, аталған компанияларды дұрыс жоспарланған аумақтарға орналастырып, оларға қажетті учаскелерді бөліп, маусым айында бас жоспарды түзетуді аяқтаймыз. Ол қосымша бекітіледі, — деді вице-премьер.
Үкімет басшысы орынбасарының сөзіне қарағанда, жазда әрбір аудан мен шағын аудан бойынша тыңғылықты жоспарлау жобасын, бірінші кезекте салынатын ғимараттар мен құрылыстардың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу басталады.
— Мұнан бөлек, бұл жай ғана арнаулы экономикалық аймақ емес. Біз Алатау қаласы айрықша мәртебе алу тиіс деп ұсыныс жасап отырмыз. Бізге шетелдік инвестиция тарту қажет. Бәріміз де білеміз, екінші жыл қатарынан Қазақстаннан тікелей шетел инвестициясы кетіп жатыр. Сондықтан Алатау қаласы жағдайды түбегейлі өзгертуге беретін өсім нүктелерінің бірі, — деді ол.
Оның атап өтуінше, осы мақсатта әкімдік пен Caspian Group компаниясы Қытайдың Шэньчжэнь сынды табысты қаласының негізін қалаған CRDI консалтингтің институтымен келісімге қол қойған.
— Қазір олармен қарқынды жұмыс жалғасып жатыр. Күзге қарай айрықша мәртебе тұжырымы дайын болады деп үміттенеміз. Оңтүстік-Шығыс Азия инвесторлары үшін жұмыс істей алуымыз үшін ең жақсы жағдай жасау маңызды. Ол жерде қала аумағында визасыз режим, шетелдік азаматтардың жылжымайтын мүлік сатып алуына мүмкіндік беру қарастырылған. Қазір жұмыс істеп жатырмыз, — деді Қанат Бозымбаев.
Бұған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Алатау қаласын дамыту қай бағытта жүретінін айтқан еді.
Естеріңізге сала кетсек, елордада екі күндік Астана халықаралық форумы өтіп жатыр. Форумға 7 000-нан астам қатысушы тіркелген. Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс пен Африка елінен БҰҰ, ААҰ, ХКҰ және ДЗМҰ сияқты жетекші халықаралық ұйымдардың атынан 160-тан астам спикер шақырылған.
Іс-шараны ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз СryptoCity деп аталатын жаңа пилоттық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырғанын, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтуді қолдайтынын айтты.