Алатау қаласы Digital by default қағидатына негізделіп құрылады

Фото: Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM — Алатау қаласы «Digital by default» қағидатына негізделіп құрылады. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев айтты. 

— Қала бастапқыдан «Digital by default» қағидатына негізделіп құрылады. Барлық негізгі қызметтер цифрлық форматта жұмыс істейді. Қалада инновациялық технологияларды енгізу үшін эксперименталды құқықтық режимдер қарастырылады. Бұл байланыс, цифрлық желілер, жасанды интеллект, роботтық жүйелер және автономды көлік сияқты салаларды қамтиды, — деді ол.

Вице-премьердің айтуынша, Alatau City Authority дың цифрлық платформасы арқылы резиденттерге негізгі қызметтер ұсынылады. Олардың ішінде рұқсат беру рәсімдері және арнайы құқықтық режимді қолдану жоспарланып отыр.

— Бұл жүйелер мемлекеттік ақпараттық жүйелермен біріктіріледі. Сонымен қатар Алатау қаласында цифрлық активтердің айналымын криптобиржа, токенизация сияқты цифрлық активтердің реттеу мүмкіндігі қарастырылады. Бұл мәселе Ұлттық банк пен қаржыны реттеу агенттігінің келісуі бойынша және қаржылық тұрақтылық қағидатын сақтай отырып жүзеге асырылатын болады, — деді Қанат Бозымбаев.

Айта кетейік, Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасын бірінші оқылымда қарап жатыр