Алатау қаласын дамытуға жасанды интеллект қолданылмақ

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда өтіп жатқан Central Asia Fintech Summit саммитінде Ұлттық банктің Цифрлық даму орталығы мен Alatau City Authority меморандумға қол қойды.

Фото: Ақорда

Меморандумға сәйкес, тараптар Alatau City-ді дамытуға цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологиясын қолдану мүмкіндіктерін зерттеп көруге ниетті.

Ұлттық банктің Цифрлық даму орталығы ақпараттық жүйелерді әзірлеу, интеграциялау және қолдау бойынша технологиялық серіктес болады.

Осы ынтымақтастық аясында тараптар басты бағыттар мен жобаларды айқындап, соған сай жол картасын әзірлемек.

Серіктестіктің тағы бір бағыты – SupTech платформасын таныстыру және оны Alatau City Authority жұмысына пайдалану мүмкіндігін бағалау. Платформа деректі талдауға және қадағалау жұмысын жүргізуге арналған цифрлық құралдарды бір жүйеге біріктіреді.

Сонымен қатар Ұлттық банк VEON және VEON тобына кіретін “КаР-Тел” компаниясымен тағы бір меморандумға қол қойды.

Құжатта VEON тобындағы компаниялардың бірінші санаттағы төлем ұйымы лицензиясын алу мәселесі қарастырылған.

Онымен қоса меморандумда төлем қызметтерін жетілдіру және жаңа цифрлық төлем қызметтерін енгізу тақырыбы көтеріледі.

Еске салсақ, Алатау қаласында «криптоқала» тұжырымдамасы енгізілетіні хабарланды.