Ведомство басшысының айтуынша, бүгінде Алматы облысында 1 442 700 азамат жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алуға кезекте тұр. Ал кейінгі 3 жыл ішінде облыс тұрғындарына 1002 жер учаскесі берілген.
— Алматы облысында жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерін беру қарқыны әлі де шектеулі деңгейде қалып отыр. Соңғы 3 жылда облыс тұрғындарына 1002 жер учаскесі берілген. Бұл жылына орта есеппен 334 жер учаскесі. Сонымен қатар 2025-2026 жылдары қосымша 295 жер учаскесі берілді, — деді Аманжол Абдрахманов агенттік сауалына берген жауабында.
Ол берілетін тегін жер телімдерін дайындауда негізгі басымдық қала маңындағы және жаңадан қалыптасып жатқан тұрғын үй алқаптарында инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, оның ішінде автомобиль жолдарын салуға, электрмен жабдықтау желілерін тартуға, сумен жабдықтау жүйелерін жүргізуге және газдандыруға бағытталғанын атап өтті.
Сонымен қатар жер қатынастары басқармасының басшысы Алатау қаласының аумағынан жер учаскелерінің берілуі туралы түсініктеме берді.
— Қазіргі уақытта Алатау қаласының аумағында азаматтарға жеке тұрғын үй құрылысы үшін өтеусіз негізде 10 сотық жер учаскелері берілмеген. Сонымен қатар алдағы уақытта Алатау қаласының аумағында жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру жоспарланбайды, — деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда тегін 10 сотық жер беру тоқтатылғанын жазғанбыз.