Алатау қаласында жаңа басқару органдары құрылады

АСТАНА. KAZINFORM — Олжас Бектенов Алатау қаласы кеңесінің отырысын өткізді. Онда Мемлекет басшысының жаңа қаланы дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру барысы талқыланды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Фото: Үкімет

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Алатау қаласы кеңесінің отырысы өтті. Онда «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңын жүзеге асыру және жаңа қаланы одан әрі дамыту мәселелері қаралды. Олжас Бектенов биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Конституция ауқымды президенттік реформалардың жалғасы екенін және экономиканы одан әрі жаңғырту үшін берік негіз қалайтынын атап өтті. Бұл тұрғыда инвестициялар тартуға, озық басқару шешімдерін енгізуге және қаланың жаңа моделін құруға бағытталған Alatau City жобасы ерекше маңызға ие.

Фото: Үкімет

— Негізгі заңмен бірге «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заң күшіне енді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Alatau City жобасы экономикалық даму драйверлерінің бірі болуы тиіс. Мемлекет басшысының Жарлығымен Алатау қаласының кеңесі құрылды. Кеңестің негізгі міндеті — арнаулы құқықтық режимді уақтылы және сапалы іске асыруды қамтамасыз ету, — деп атап өтті Үкімет басшысы.

Alatau City Authority бас атқарушы директоры Алишер Абдықадыров ұйымның ағымдағы қызметі және Алатау қаласын одан әрі дамыту жоспарлары туралы баяндады.

Фото: Үкімет

Қазір қаланың нормативтік құқықтық базасын қалыптастыру, стратегиялық құжаттарды әзірлеу, мемлекеттік басқарудың заманауи жүйесін құру, инвестициялар тарту және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Алатаудың қазіргі бар елді мекендерінің инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар жалғасып келеді, олар — Ынтымақ, Қоянқұс, Жетіген, Жаңадәуір, Жаңаталап шағын аудандары.

Фото: Үкімет

Осы жылдың соңына дейін қаланы дамытудың 2055 жылға дейінгі ұзақ мерзімді жоспарын, жетекші халықаралық консалтингтік ARUP және BCG компанияларын тарта отырып, 2040 жылға дейінгі Даму стратегиясы мен Мастер-жоспарды әзірлеуді аяқтау жоспарланған.

K-Smart City, Alatau AI-Driven City және Alatau Crypto City жобаларына назар аударылды. K-Smart City шеңберінде пилоттық жоба ретінде Оңтүстік Кореяның тәжірибесі бойынша озық смарт-технологияларды қолдана отырып, ауданы 330 гектар болатын жерге өзін-өзі қамтамасыз ететін аудан құру көзделген.

Фото: Үкімет

Ал Alatau AI-Driven City тұжырымдамасы нақты уақыт режимінде қалалық процестерді басқару үшін цифрлық сыңарды, Big Data және жасанды интеллектіні енгізуді қарастырады. Alatau Crypto City бойынша токенизация және қаланың Web3-экожүйесін қалыптастыру бойынша жобалар жүзеге асырылатын болады.

Жалпы, Alatau City Authority деректері бойынша 51 мың жұмыс орны ашылатын 2 трлн теңге сомасына 53 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Негізгі жобалардың қатарында құны $1 млрд-тан асатын Iconic Complex, PepsiCo, Mars, Hyundai Green Food өндірістері, Khan Tengri Biopharma биофармацевтикалық зауыты, AutoFlight пен Joby компанияларымен бірлескен қалалық әуе мобильдігі жобалары, сондай-ақ KAIST университетінің кампусын салу жобасы бар. 2026 жылдың соңына дейін токенизациялау бойынша алғашқы жобаларды іске қосу, резиденттерді тарту және виртуалды әрі нақты экономиканы біріктіретін бірыңғай кеңістік қалыптастыру жоспарланып отыр.

Фото: Үкімет

Күн тәртібіндегі мәселелерді қарау қорытындысы бойынша Кеңес бірқатар шешім қабылдады:

  • Ұйымның құқықтық мәртебесін, өкілеттіктерін және басқару жүйесін айқындайтын Alatau City Authority туралы ереже бекітілді.

Осыған сәйкес, Alatau City Authority мемлекеттік қоры басқарманың арнайы ұйымы — Алатау қаласының жұмыс істеуі мен дамуына жауапты мемлекеттік орган болып қайта құрылады. 

  • Қаланы тиімді басқаруды қамтамасыз ету үшін Жедел комитет пен Реттеуші комиссия құру туралы шешім қабылданды.

Жедел комитет уақтылы шешім қабылдауды талап ететін мәселелерді қарайтын болады. Реттеуші комиссия нормативтік құқықтық актілерді бекітеді, сондай-ақ арнайы құқықтық режим шеңберінде озық халықаралық практикаларды енгізетін болады.

  • Өтпелі кезең мәселелерін реттеу мақсатында Кеңес Алатау қаласы әкімдігінің жанынан Жер қатынастары жөніндегі уақытша комиссия құруды қолдады.

Комиссияның міндеттеріне қаланың мастер-жоспары бекітілгенге дейін басым инвестициялық жобаларды сүйемелдеу де кіреді. Комиссияның міндеттеріне қаланың мастер-жоспары бекітілгенге дейін басым инвестициялық жобаларды сүйемелдеу де кіреді.

Премьер-министр мемлекеттік органдар мен Alatau City Authority-ге қаланы дамытудың негізгі бағыттары бойынша жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Алатау қаласын дамытуға қатысты Жарлыққа қол қойғанын жазғанбыз.