Алатау қаласының жер қатынастары арнайы режим арқылы реттеледі

АСТАНА. KAZINFORM — Алатау қаласында инвесторларға жер учаскелері бизнес лицензия немесе келісімшарт негізінде беріледі. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев айтты. 

Фото: Александр Павский / Kazinform

— Қаланың дамуы стратегиялық құжаттарға негізделеді. Олар: 30 жылға арналған ұзақ мерзімді даму жоспары және 15 жылдық стратегия мен мастер жоспар. Инвесторлар үшін тұрақтылықты сақтау мақсатында аталған құжаттарға өзгерістер тиісінше 10 және 5 жыл ішінде бір реттен жиі енгізілмейді, — деді Үкімет басшысының орынбасары.

Вице-премьердің айтуынша, жер қатынастары арнайы режим арқылы реттеледі. Қаланың жер қоры қалыптастырылады.

— Бұл стратегиялық және инвестициялық жобаларды іске асырудың негізгі құралы және даму мен экономикалық өсудің ресурсы ретінде қарастырылады. Инвесторларға жер учаскелері бизнес лицензия немесе келісімшарт негізінде беріледі. Жерді пайдалану шарттары нақты инвестициялық міндеттемелермен тікелей байланысты болады, — деді Қанат Бозымбаев.

Айта кетейік, Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасын бірінші оқылымда қарап жатыр