Алатау мен Қонаевта ұялы байланыссыз қалған аумақтар анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Алатау мен Қонаев қалаларында ұялы байланыстың «ақ дақтары» тексерілді, деп хабарлайды ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: Gov.kz

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті байланыс операторларымен бірлесіп, Алматы облысының Алатау және Қонаев қалаларында ұялы интернет жоқ аймақтарға көшпелі мониторинг жүргізді.

Министрлік түсіндіріп өткендей, «ақ дақтар» — байланыс операторлары тарапынан интернетке қолжетімділік толықтай жоқ аумақтар. 

Ведомство мәліметінше, Алатау қаласында 28 «ақ дақ» анықталды.

Фото: Gov.kz

— Оларды жою жұмыстарын биылғы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Қосымша 5 базалық станция орнату көзделген, бұл қамту аумағын, соның ішінде автомобиль жолдарының бойын кеңейтуге мүмкіндік береді. Қазір жабдықтарды орналастыру үшін антенна-мачталық құрылғы орнатылған. Базалық станциялар қойылғаннан кейін бұл бұрын байланыс болмаған учаскелерді интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — дейді мамандар.

Сондай-ақ Қонаев қаласында 9 «ақ дақ» анықталған. «Кар-Тел» компаниясы таяудағы бір ай ішінде анықталған аймақтардың кемінде 7-уіндегі мәселені жоюды жоспарлап отыр.

Халықты сапалы ұялы байланыспен қамтамасыз ету жұмыстары операторлардың лицензиялық міндеттемелері шеңберінде де жүргізіліп жатыр. Осы міндеттемелерге сәйкес, халқы 250 адамнан асатын барлық 3 807 ауылдық елді мекен ұялы байланыспен қамтылады.

Атап айтсақ, Шенгелді ауылы 2025 жылы ұялы байланыспен қамтамасыз етілуі тиіс болатын. Операторлар байланыс сапасын арттыруға және заманауи технологияларға өтуге бағытталған базалық станцияларды жаңғыртты. Ауылға жасалған сапар барысында 4G және 5G технологиялары бойынша интернет-қосылыстың жоғары сапасы тіркелді.

Шенгелдідегі 5G желісі «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС операторының бастамасымен орнатылды.

Бүгінгі таңда байланыс операторлары қалаларда 5G желісін өрістету бойынша ең төменгі лицензиялық міндеттемелерді орындап, ауылдық елді мекендерде бесінші буын желісін кеңейтуге кірісті.

— Сонымен қатар, байланыс жоқ аймақтарды анықтау және жою жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. «Ақ дақтарға» қатысты жағдай динамикалық сипатқа ие: аумақтарда құрылыс жүріп, жаңа тұрғын үй алқаптарының пайда болуына байланысты байланысы жоқ жаңа учаскелер пайда болуы мүмкін. Осыған байланысты «ақ дақтарға» мониторинг тұрақты негізде жүргізіледі, — деп түсіндірді министрлік.

Осыған дейін Астанада интернет мәселесін жарық бағаналары арқылы шешіп жатқанын жатқанын жазған едік.