Алатаудағы үздік жобалар елдің басқа өңірлеріне енгізілмек — Бозымбаев
АСТАНА. KAZINFORM — Алатаудағы үздік жобалар елдің басқа қалаларына таратылады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлім етті.
Оның айтуынша, Алатаудағы негізгі жобалар эксперименттік алаң ретінде қарастырылып отыр. Онда құрылыс саласында және нысандарды пайдалануда халықаралық стандарттарды енгізу жоспарланған.
— Алатауды дамыту үшін бірнеше жыл қажет деп ойлаймыз. Кейбір ерекше ғимараттарды салу және пайдалану кезінде халықаралық стандарттарды енгіземіз. Бұл тәжірибені Алатаудағы аумақтарда эксперименттік түрде сынақтан өткізуіміз керек. Сондықтан тиімді тәсілдерді міндетті түрде елдің басқа өңірлерінде енгізуге болады, — деді Қанат Бозымбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Премьер-министрдің орынбасары алғашқы нәтижені 2-3 жылдан кейін көруге болатынын атап өтті.
— 2-3 жылдан кейін белгілі бір нәтиже болады деп ойлаймын, яғни оңтайлы тұстары көріне бастайды. Атап айтқанда, осы нәтижені ескере отырып, еліміздегі көптеген саланы реформалай аламыз, — деді Үкімет басшысының орынбасары.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін елордада Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы қаралды.
Талқылаудан кейін депутаттар бұл құжатты бірінші оқылымда мақұлдады.