Алатаудың арнаулы құқықтық мәртебесі: конституциялық заңда сәтті және сәтсіз тәжірибелер ескерілді

АСТАНА. KAZINFORM — Қаланың стратегиялық даму жоспарын дайындау барысында Қытай, БАӘ, Сингапур тәрізді елдердің тәжірибесі зерттелді. Бұл жөнінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Мемлекет басшысының Alatau City жобасына қатысты тапсырмаларын іске асыру жөніндегі баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Фото: Алматы облысының әкімдігі

— Соңғы он жылда әлемде мыңнан астам арнайы әкімшілік және экономикалық аймақ құрылды. Онда инвестициялар, инновациялар және технологиялар тарту көзделді. Демек, бұл салада бәсеке өте жоғары. Аталған жобалардың 60%-ы сәтсіз болды, — деді ол.

Вице-премьердің сөзінше, Таяу Шығыс пен Азияда кей жоспардың іске аспауына құқық және салық секторында дербес шешім қабылдау мүмкіндігінің болмауы, шектен тыс бюрократия, инфрақұрылымдық қаржыландырудың жетіспеуі және тәуелсіз сот жүйесінің әлсіздігі әсер еткен.

Қанат Бозымбаев осының барлығы Алатаудың арнаулы құқықтық мәртебесі туралы конституциялық заңды дайындау барысында ескерілгенін атап өтті.

Әсіресе, Қытайдың Шэньчжэнь және Хайнань қалаларының тәжірибесіне айрықша назар аударылды. Аталған шаһарлардың әкімшілігіне салық жүйесі, жеңілдік және инвестициялық қолдау бойынша кең құзірет берілген.

— 2026 жылдан бастап Хайнаньның жаңа сауда және инвестициялық хаб ретінде орны нығайды. Осы тәжірибені ескеріп, Алатау қаласының кеңесіне арнайы салық режимін және инвестициялық қолдау шараларын бекіту бойынша құзірет берілді. Бұл, әсіресе, инновациялық салаларды дамыту үшін маңызды. «Төмен биіктік экономикасы» бағыты аясында 3 мың метрге дейінгі әуе кеңістігін пайдалану қарастырылып жатыр, — деді вице-министр.

Одан бөлек, Дубайдағы арнайы экономикалық аймақтар мысалына да мән берілді. Сол себепті, Алатауда мемлекеттік қызмет көрсету және бизнес лицензияларын беру бойынша «бір терезе» механизмі енгізілмек.

Ал ұзақмерзімді жоспарлау мәселесінде билік Сингапур тәжірибесіне жүгінбек. Стратегиялық құжаттар ұзақ мерзімге қабылданып, оларға 5-10 жыл ешқандай өзгеріс енгізілмейді.

Айта кетейік, бұған дейін Алатаудың биылғы бюджеті 13 млрд теңгеге жуықтайтынын жазғанбыз.