«Алау» мұз сарайында допты хоккейден Қазақстан чемпионаты басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Алау» мұз сарайында допты хоккейден 2000-2001 жылғы жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты басталды. Жарысқа Астана, Орал, Петропавл және Хромтау қалаларының құрамалары қатысуда, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайтынан.

Бұл мұз сарайы тарихындағы «ринг-бенди» форматында өткізіліп жатқан екінші допты хоккей біріншілігі. Ринг-бенди - бұл атақты ойынның шағын нұсқасы, мұнда ережелер өзгертіліп, қалыпты ойын алаңы орынына хоккей кортында құрамалар бақ сынасады. Ойынның дәл осы түрі әлемде үлкен сұранысқа ие болуда.

Қазақстан құрамасы допты хоккейден әлемдегі ең мықты командалардың бірі. Спортшылар 2011 жылы 7-ші Азия ойындарында алтын және әлем біріншіліктерінде алты бірдей жүлдеге қол жеткізген болатын.

«Бұл өте тартымды спорт түрі. Бізде талантты жастар көп, бірақ олардың өнерін дамытуға мүмкіндік аз», - деді Астана құрамасының бапкері Валерий Скучалин.

Чемпионат осы аптаның соңына дейін жалғасады. Жұма күні, сәуірдің 17-де ұйымдастырушылар мықтыны анықтайды. Бұл жарыста үздік атанған құрама 2017 жылы өтетін Универсиадада ел намысын қорғайтын болады.