Алаяқ 50 пайыздық жеңілдік жасаймын деп зейнеткерлерді алдап соқты

АСТАНА. 20 шілде. ҚазАқпарат - Петропавл қаласының және Қызылжар ауданының 40-қа жуық тұрғыны алаяқтың торына түсті,

деп хабарлады СҚО ішкі істер департаменті баспасөз қызметінен.

Ведомствоның атап өтуінше, жәбірленушілердің көпшілігі зейнеткерлер. Төмен бағамен пластикалық терезе орнатамыз деген алаяқ, тұрғындарды алдап, ақшаларын алып кеткен. «Акция! «Эко пласт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 50 пайыздық жеңілдікпен пластикалық терезе орнатады» деген хабарландыруды көрген тұрғындар өз пәтерлеріне терезе орнатпақшы болған. Сонымен қатар зейнеткерлерге қосымша тағы да 10 пайыздық жеңілдік қарастырылған екен. Төмен бағамен терезе орнатумен айналысатын фирма Жұмабаев көшесінде орналасқан. Барлығы шындыққа сай келген. Жалға алынған бөлмеде төрт жұмысшы болған. Олар келсім-шарт жасап, тапсырыстар қабылдап, қажетті құжаттар дайындап, ақша қабылдаумен айналысқан. Келсім-шартқа сәйкес клиенттер терезенің жарты құнын төлеген соң бір аптадан кейін терезе орнатылатын болған. Тапсырыс берушілердің үйлеріне өлшеуші жіберілген.

Алайда көптен күткен терезелерін ешкім де көрген жоқ. Терезе орнататын уақыт келгенде, аталмыш фирма өз жұмысын тоқтатқан. Айлакер өзінің жалған фирмасына жұмысқа алған қызметкерлерді де алдап кеткен екен. Жұмысшыларды жалдаған адам өзін алматылық «Эко пласт» фирмасының қызметкерімін деп таныстырған, Петропавлда фирманың өкілдігін ашып жатқандығын айтқан.

Жұмысшылар болса, бастықтарының жымысқы ойын аңғармай қалған. Алаяқ күнде кешкісін жиналған ақшаны алып кетіп отырған, ал соңғы рет барлық құжаттарды әкеткен. Қазіргі уақытта жәбірленушілер сезіктіні суреті бойынша танып отыр. Бүгінгі күні Петропавл қалалық ІІБ-на 40-тан астам арыз келіп түсті. Тәртіп сақшылары күдіктіні іздестіру шараларын жалғастыру үстінде. Қылмыскердің келтірген шығыны 1,5 миллион теңгеге жетеді.