«Алаяқ кәсіпорындар сенімнен айырылды» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 1 шілде, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Семей қаласының тұрғыны Дінислам Әбдіқожаұлының қолында құнды жәдігер бар. Ақсақал осы уақытқа дейін Абайдың бәкісін сақтап келген. Жетпістің төртеуіне келген қария бәкінің аталарынан мұраға қалғанын айтады. 1890 жылдары Абай елінде қатты жұт болып, үйір жылқыны аман алып қалу үшін ақын ауылы Ертістің оң жағалауындағы Изатолла ауылына қыстап шыққан екен. Мейрамғали ныспылы байдың қыстауына жылқысын паналатқан Абай өзінің бәкісін байдың баласына сыйға тартқан көрінеді. Сол уақыттан бері атадан балаға мұраға қалып келе жатқан құнды жәдігерді Дінислам ақсақал 56 жасында анасынан сыйға алыпты. Қария бәкіні бұған дейін еліміздің Мәдениет министрлігі мен Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайына апарып, көрсетіп қайтқан екен. Дінислам Әбдіқожаұлы ұзақ жыл қастерлеп сақтаған бұйымды сатып алушылар болса, беруге дайын екенін жеткізді. - 2009 жылы Мәдениет ми­нистрлігіне барғанымда, ондағы жауапты қызметкерлер: «Ата, бұл бәкіні шетке шығармаңыз. Егер шетелге шығып кетсе, оның қайтарымына өте көп құн сұрауы мүмкін», деді. Содан бері бәкіні өзімде сақтап келемін. Әйтпесе, Қытай елінен сатып алуға ниет білдіргендер, аукционға шығаруға қолқалағандар болды. Олардың ешқайсысына құлақ асқан жоқпын, - дейді қария. Сары жез түсті сабы бар, қы­­зылды-жасылды лағыл тастармен көмкерілген, мұсылманша ай мен жұлдыздың бейнесі бедерленген, асыл жүзі сол күйі сақталған сүп-сүйкімді бәкіден Абай атамыз­дың талғамын таразылауға болады. Бұл материал «Ақын ата бәкісі» деген тақырыппен берілген.

Бас басылымда «Жарты әлемді шарлаған» деген мақала басылды. Велосипедпен жарты әлемді шарлап өтуге бел буған серб саяхатшысы Павлодарға жетті. Ол бұл сапарын 12 сәуірде Сербия астанасы - Белград қаласынан бастаған болатын. Содан бері 5 мың шақырым жолды артта қалдырған Драган Шибалич Румыния, Украина, Беларусь және Ресей елдерін басып өткен. Осылайша велосаяхатшы Жапония астанасы - Токиоға дейін жетуді көздейді. Ал ол үшін Шибалич тағы 15 мың шақырым жолды артта қалдыруы тиіс. Сербия азаматы бұл сапарын алты айда аяқтап, әлем рекордын жаңғыртуды мақсат тұтып отыр. Павлодардан бөлек ол еліміздің Ақтөбе, Қостанай және Астана қалаларына атбасын тіреді. Әрі қарай, саяхатшы Ресейдің Ново­сібір қаласы және Моңғолия, Оң­­түстік Корея елдері арқылы дітте­ген жеріне жетуді жоспарлап отыр. Алыс бағытты бетке алған 37 жастағы сербиялық өзімен бірге түнде түнейтін шатыр, ноутбук және су құятын құты ғана алып шыққан. Ол күніне 150 шақырымға дейін жол жүреді.

***

« Қазақстан атомға қатысты ұлттық заңнамасын жаңартуға кірісті. Қолданыстағысы осыдан 15 жыл бұрын қабылданған екен. Осыған орай Парламентке «Атом энергиясын пайдалану туралы» және «Кейбір заңнамалық актілерге атом энергиясын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарының жобалары енгізілді. Өткен аптада Мәжіліс бұл құжаттарды бірінші о қылымда тұжырымдамалық түрде мақұлдаған. Енді екінші оқылымға әзірлеу аясында талқылаулар басталды», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Атом, қайда барасың?» атты мақаласында.

Ядролық сынақтардан жүрегі әбден шайлығып қалған халқымыз атом десе атой салуға әзір тұрады. Сондықтан Үкіметтің тапсырмасымен Энергетика министрі Владимир Школьниктің өзі қалаулылар арасында түсіндірме жұ­мыстарын жүргізуде.

Осы газетте «Алаяқ кәсіпорындар сенімнен айырылды» деген мақала басылды. Биылғы жылдың басында нұротандық депутаттар, қазақ­стандық өндірушілердің мұң-зарын тыңдай келе, «сәйкестілік сертификаттарын» беру жұмысын қатаң сынға алған болатын. Өйткені шетелден, көрші Қытайдан тауар таситын алып­са­тарлардың қолына осы құнды құжаттардың түсіп кетуі кесі­рі­нен тендерлерде отандық тауар өндірушілер жеңіліс тауып, шы­ғынға батуда. Бұл «қазақстандық мазмұн» саясатын іске асы­руға да кесірін тигізген. Сондықтан Мәжіліс вице-спи­кері, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Дариға Назарбаева жауапты құрылымдарға шара қабылдауды тапсырған. Кеше «Атамекен» палатасы «СТ-KZ» сертификаты бар компанияларға жаппай аудит жүргізетінін жариялады. «Реви­зия» барысында олардың аталған сертификатты қалай алғандығы және оны иеленуге лайықты-лайықсыздығы тек­серіледі.

***

«Экспресс-К» басылымының бүгінгі санында « Фламинго убивают... импотенты » деген материал жарияланды. Қазақстанда Қорғалжын қорығында ұя басып жүрген алқызыл қоқиқаздарды жоғалтып алу қаупі бар. Себебі, браконьерлер қоқиқаздардың жеміне айналған Artemia salina шаяндарының жұмыртқаларын көптеп жинай бастаған көрінеді.

Атап айтқанда, Теңіз көлі тұзды болғандықтан, онда осы алқызыл шаяндар мекендейді. Бұл шаяндарды азық еткендіктен, қоқиқаздар алқызыл түске табиғи түрде боянады. Қытайлық медицинада аталған шаяндардың жұмыртқалары потенцияны көтеретін дәріні даярлауға пайдаланылады екен. Қытайға осы контрабандалық тауарды тасымалдайтындар бұл жұмыртқалардың келісіне 100 доллар беріп жүр.