Қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, алаяқтар әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланады. Халықты алдау тәсілдері әртүрлі. Бірі WhatsApp арқылы ақшаны еселеп беруге уәде етсе, бірі бағалы тондарды «сатқан». Ал 18 жастағы елордалық спорттық ставкалар арқылы қыруар ақшаға кенелте алатынына сендірген.
Мәселен, полицейлер Ақмола облысының тумасы, 51 жастағы әйелді ұстаған. Ол WhatsApp мессенджерінде топтық чаттарды ашып, адамдарға ақшаларын еселеп өсіріп беруге уәде еткен. Қаржыны электронды ақша бойынша биржалық мәмілелерге қатысу арқылы арттыратынын айтқан.
«Ол салымшыларды әртүрлі жеңілдіктер мен акциялар арқылы қызықтыра түскен. Ақшаны киви-әмиян арқылы қабылдаған. 2 желтоқсан күні полицияға азаматша Д. арызданып, әлгі әйелдің қыркүйек айының соңында 400 мың теңге алып, екі еселеп беруге уәде еткенін айтты», - делінген баспасөз хабарламасында.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері осыған ұқсас он жағдайға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Жәбірленушілердің саны одан да көп болуы әбден мүмкін. Осыған байланысты құқыққорғаушылар интернет алаяқтықтан зардап шеккендер болса Астана қаласының Полиция департаментіне жүгінуге немесе (7172) 71-62-91,71-63-35 (немесе102) нөміріне хабарласуды сұрайды.
Сол секілді астаналық құқыққорғаушылар осыған ұқсас қылмыс бойынша Қарағанды қаласының 23 жастағы тұрғынын қолға түсірді. Анықталғанындай, ол Іnstagram арқылы жалған аккаунт ашып, тон мен аң терісінен тігілген киімдерді сататынын жазған. Ұтымды бағалармен жарнаман жасаған. Қолданушыларды тарту үшін басқа интернет-ресурстардан жүктелген суреттерді салып отырған. Тон аламын деушілерге киви-әмиян арқылы төлемді 100 пайыз алдын ала жолдауға міндеттеп, ақша түскеннен кейін нөмірді өшіріп тастап отырған. Қазіргі таңда күдікті Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігімен 8 факті бойынша (жалпы келтірілген зиян 1 млн теңге) қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.
Сонымен бірге 29 қарашада тәртіп сақшылары 18 жастағы қала тұрғынын ұстаған. Ол Іnstagram арқылы жалған аккаунт ашып, спорттық ставкалар арқылы ақша айналдырып алуға болатыны жайлы жазған. Хабарламасын қызықты ете түсу үшін ұтып алғандардың ақшасы деген жазумен купюралардың суреттерін жүктеген. Қазіргі уақытта оған қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.